Ирина Смольникова: Жеке рекордымды жаңартқым келеді

04.07.2017

Бек Төлеуов  
154
Ирина Смольникова: Жеке рекордымды жаңартқым келеді

5-13 тамыз аралығында Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты өтеді. Дүниежүзінің мықтылары жиналатын додаға жолдама алғандардың қатарында қазақстандық марафоншы Ирина Смольникова да бар. Жақында спортшымен кездесіп, біріншіліккке қалай дайындалып жатқанын сұраған едік.

– Ирина, әлем чемпионатына дайындық қалай өтіп жатыр?

– Әлем чемпионатына үйімізде яғни Риддер қаласында жеке жаттықтырушым екеуіміз бірге дайындалып жатырмыз. Қалада жүгіруге арналған тас жолы бар. Әзірге бәрі жақсы. Жоспарлағанымыздай өтіп жатыр.

– Жеке рекордыңыз қандай?

– Әзірге 42 шақырымды 195 метрді ең жылдам жүгіріп өткен уақытым 2 cағат 40 минут 22 секунд. Жеке рекордымды 2014 жылы Мәскеуде орнатқанмын. Сол кезде алғаш рет марафоннан халықаралық дәрежедегі спорт шебері нормативін орындадым әрі Пекиндегі әлем чемпионатына жолдама алғанмын.

– Бұл рекордыңыз тағы да жаңартқыңыз келетін шығар?

– Әрине жақсартқым келеді. Бірақ алдын-ала болжам жасамай-ақ қояйын. Дегенмен үмітім өте зор.

– Олимпиада, әлем чемпионатына қатысып жүрген кәсіпқой марафоншысыз. Соңғы кездері өз елімізде де көптеген әуесқой марафондар жиі ұйымдастырылып жүр. Отандық марафондарға қатысып тұрасыз ба?

 – Мен жақында Қарағандыдағығы жартылай марафонға оның алдында Алматыдағы екінші марафондарға қатысқанмын. Сондықтан Қазақстанда өтетін марафондардан ешқашан бас тартқан емеспін. Мүмкіндік болса қатысып тұрамын.

– Ал халықаралық арендағы ең ірі табыстарыңызды айтып өтсеңіз?

– Халықаралық ірі марафондардың ішінде 2014 жылғы Мәскеудегі жеңісімді айтуға болады. Сондай-ақ былтыр Венециядағы марафонда төртінші орын алдым. Бұл да негізі жаман нәтиже емес. Оның үстіне сол кезде Лондонда өтетін әлем чемпионатының нормативін орындадым.

– Әлем чемпионатынан бөлек, биылғы маусымдағы өзге қандай жоспарлар бар?

– Лондоннан келген соң, Астанадағы ЭКСПО аясында өтетін Шанхай Ынтымақтастық ұйымының марафонына қатысуым мүмкін. Болмаса, онда биылғы маусымды аяқтаймыз. Қазір барлық ойым әлем чемпионатында барынша сәтті өнер көрсету болып жүр.

– Әлемде қай елдің спортшылары көшбасшы?

– Бірінші кезекте Кения мен Эфиопия. Олар бұрыннан жүлделі орындарды ешкімге бермейді. Тек марафоннан ғана емес, ұзақ қашықтыққа жүгірудің барлық түрінен үздіктер қатарында осы елдің спортшылары жүреді.  

– Марафонға ауыспас бұрын қай қашықтықта жүгіргенсіз?

– 1999 жылы жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында 1500 метрге жүгіруден жеңіске жеткенмін. Негізінен орта қашықтыққа жүгіріп жүрдім. Сосын жас келе марафонға ауыстым. Негізінен марафонға жүгірушілердің көбісі 30-жастан асқан спортшылар. Арасында Кения мен Эфиопияның жастары да кездесіп жатады. Әйтпесе, марафонды ересектерге арналған сайыс түрі деп айтуға болады.

– Бір күндік жаттығу процесіңіз қалай өтеді?

– Күн сайын таңертең 25-30 шақырымға жүгіремін. Ал кешкі уақытта одан азырақ болады.

– Қазақстанда бәсекелестік қандай?

– Марафонға жүгіріп жүрген қыздар бар. Сондықтан ішіміз пыса қоймайды. Бәсекелестік бар. Ол жағы мені қуантады.

– Ұзақ қашықтыққа жүгіресіз. Сол кезде басыңызға сан түрлі ойлар келетін шығар?

– Әрине, 42 шақырымды бағындырғанша көп нәрсе ойлап жүресің. Негізінен ара қашықтықты, жылдамдықты бір қалыпта ұстауды ойлайсың және өз-өзіне бақылау жасауға тырысасың. 30 шақырымды артқа қалдырған кезде мәреге жетіп, орын алу туралы ой кетеді. Жалпы алғанда, маған марафонға жүгірген ұнайды. Эмоциясы керемет.

– Сүйікті хоббиіңізді айтып өтсеңіз?

– Мен кітап оқығанды ұнатамын. Қазіргі кезде Федор Достоевскийдің «Идиот» деген кітабын оқып жүрмін. Ал жалпы француздың классикалық туындаларын жақсы көремін.

Кітапты парақтап отырып оқығанды жақсы көремін. Онлайн интернеттен қарағаннан кітаптан оқығанның әсері басқа болады. Тұшынып отырып оқисың.

– Әңгімеңізге рахмет!


Тізімге қайта оралу