Иван Иванов – Жеңіс тәтті болғанымен ащы тердің дәмі бар екен

14.07.2017

Әзиз ЖҰМАДІЛ  
16
Иван Иванов – Жеңіс тәтті болғанымен ащы тердің дәмі бар екен Иван Иванов – Жеңіс тәтті болғанымен ащы тердің дәмі бар екен

Үндістанда өткен жеңіл атлетикадан «Сары құрлық» додасында Қазақстан қоржынына бірінші медальді салған Иван Иванов болатын. Елге оралған соң ядро серпушімізді күтіп алып, Азия чемпионатында алған әсері жайлы сұраған едік.

– Бұл менің Азия чемпионаты секілді ірі жарыстардағы алғашқы медалім. Сондықтан, «Сары құрлық» додасынан алған әсерім ерекше. Қазір бәрін көз алдыма елестетіп, шын мәнінде ерлік жасағанымды түсінемін, - деп бастады Иван Иванов.

– Жаңбырлы күнде өткен жарыс туралы кеңірек айтып берсеңіз.

– Бірінші мүмкіндігімде-ақ ядроны 19,41 метрге серпіген едім. Одан кейін тек көрсеткіштерімді күшейте беремін деп ойладым. Алайда, жаңбырдың құйып кетпесі бар ма... Бір минуттың ішінде үсті-басымыз малмандай су болды. Сөмкеміздегі заттарға дейін шылқылдаған су болды. Сосын біздің барлығымызды 10 минутқа трибуна астына тықты. Жаңбыр басылды-ау дегенде жарыс жолына қайта шыққанбыз. Кенет жаңбыр қайта құйып кетті. Жапа-тармағай шатыр іздеп қайта қаштық. Кейбір спортшылар ашулана бастады. Тіпті, бір үнді атлеті заттарын жинап, үйіне кетпекші болды. Ұйымдастырушылар оны көндіріп әлек. Сырттан қарағанда бәрі күлкілі. Менің де ішегім қатты. Мұндайды бұрын соңды көрмеген едім. Бірақ сол жауын көрсеткіштерімізге қатты әсер етті. Келесі мүмкіндіктерімде қанша тырыссам да 19,41 метрден алысқа лақтыра алмай қойдым.

– Желаяқтарға жаңбырдың кері әсер ететіндігі жайлы білеміз. Ал снаряд лақтыру сынды техникалық бағдарламадағы атлеттерге жауын қаншалықты кедергі келтіреді?

– Негізі сіркіреген жауындарда жарысты тоқтатпаймыз. Дегенмен, бұл жолы жауын нөсерлете жауды. Мұндайда ядро серпу өте қауіпті еді. Өйткені, байқаусызда аяғың тайып құлап кетуің де мүмкін. Снаряд басыңа түссе, біткен жерің сол. Сондықтан, ұйымдастырушыларды да түсінуге болады.

– Азия чемпионатында жүлделі орындардан көрінген атлеттер Ғұсман Қосанов мемориалында да жеңіс тұғырынан көрінген болатын...

– Иә, дәл солай. Алматыда өткен Қосанов мемориалында жүлдеге іліккен жігіттер Азия чемпионатында орындарымыз алмасқаны болмаса, медальдарды өзара бөлістік. Егер Қосановтағы көрсеткішімді қайталағанымда Үндістанда да чемпион атанар едім. Дегенмен, жауын бәріміздің көрсеткіштерімізге әсер етті.

– Азияның қола жүлдегері атанғаныңызды қашан сезіндіңіз?

– Жеңіс тұғырында тұрып, көк туымыздың көкке көтерілгенін сезіну үлкен абырой екен. Оның үстіне, зор жауапкершілік жүктейді. Өткенді ойлап көзіме жас келді. Өйткені, бұл медаль маған үлкен еңбектің арқасында келді. Осы үшін талай тек төктім. Осының барлығын ойлап, көзіме жас келді. Өзімен өзім шетте ойға шомып отырғанмын. Ешкімді елеген жоқпын. Қасыма досым Евгений Миловацкий келіп, «Қалай, жеңісіңнің дәмін сезіндің бе?», - дейді. Жеңіс тәтті болғанымен ащы тердің дәмі бар екен.

– Ендігі жоспарыңыз қандай?

– Лондон Олимпиадасына норматив тапсыру уақыты 23 шілдеге дейін. Осы аралықта қандай да бір жарыстарға қатысып, лицензияға қол жеткізсем жақсы болар еді. Өйткені, биыл мен ядроны 20 метрге серпіген кезім де болды. Нормативті орындауға сәл ғана жетпей жатты. Енді бір ұмтылсам, бұған да қол жеткізетінімді сеземін. Ал егер оған дейін жарыстарға қатысуға мүмкіндік болмаса, онда тамыз айының соңында Тайпейде өтетін Дүниежүзілік Универсиада ойындарында бағымды сынаймын. Одан кейін қыркүйек айында Түркменстан астанасы Ашхабадта Жабық кешендегі Азия ойындары өтеді. Оған да дайындалу керек.

Тізімге қайта оралу