Мария Овчинникова – Азия чемпионатынан алтын аламын деп ойламадым

12.07.2017

Әзиз ЖҰМАДІЛ  
158
Мария Овчинникова – Азия чемпионатынан алтын аламын деп ойламадым Мария Овчинникова – Азия чемпионатынан алтын аламын деп ойламадым

Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың лайықты ізбасары өсіп келеді. 18 жастағы Мария Овчинникова өзінің дебютті Азия чемпионатына қатысып, бірден «Сары құрлық» додасының жеңімпазы атанды. Өзге атлеттерімізбен бірге үш қарғып секірушімізді де Алматы әуежайында күтіп алып, аз-кем әңгімелескен едік.

– Мария, Бхубанешвардағы көрсеткіштеріңізге көңіліңіз тола ма?

– Азия чемпионы атанғаныма қуаныштымын. Дегенмен, көрсеткіштеріме көңілім толмайды. Өйткені, 13.80 метрден асырғым келген. Бірақ, сәл ғана жетпей қалды. Әлбетте, 13.72 метр де жаман көрсеткіш емес. Ең бастысы әлем чемпионатының жолдамасын жеңіп алдым.

– Биыл Қосанов мемориалында үш рет жеке рекордыңызды жаңартқаннан кейін Азия чемпионатында 14 метрден асыра секіретін шығарсыз деп ойлап едік...

– Шынымды айтсам, жыл басынан бері көптеген турнирлерге қатысып тастадым. Қосанов мемориалы мен Азия чемпионатының арасы да тым жақын болды. Тынығып үлгермедім. Шаршаңқы болдым. Оның үстіне, ауа-райы да ыстық екен. Қапырық қалжыратып жіберді. Дегенмен, бұл сылтау емес. Аздап демалып алуым керек те Әлем чемпионатына дайындалуым қажет.

– Азия чемпионатында басқалармен емес, өзіңіздің командаласыңыз Ирина Эктовамен бәсекелестіңіз. Өз отандасыңыз озып кетеді деп қорыққан жоқсыз ба?

– Алғашқы үш мүмкіндіктен кейін мен көш бастап тұрғанмын. Бірақ бесінші мүмкіндікте ғой деймін, Ирина 13.62 метрге қарғып, менен озып кетті. Бас жүлденің уысымнан шығып бара жатқанын түсіндім де, соңғы мүмкіндігімде барымды салып, одан он сантиметрге озып кеттім. Алайда, шынымды айтсам, Азия чемпионы боламын деп ойлаған жоқпын. Үздік үштіктен көрінемін деп ойлап едім.

– Чемпион болған қалай екен?

– Шынымды айтсам, сезінген жоқпын. Басқалар жеңіс тұғырына шығып, көздерінен жастары ағып тұрады ғой. Менде ондай сезім болған жоқ. Бәлкім, табиғатым солай шығар. Дегенмен, Қазақстанның көк туын көкке көтеріп, әнұранымызды шарықтату – мен үшін үлкен абырой.

– Енді алда сізді әлем чемпионаты күтіп тұр. Ол жаққа қандай мақсатпен барасыз?

– Міне, Лондонға нағыз тәжірибе жинауға барамын. «Тұманды альбионға» әлемнің кіл мықтылары жиналады. Солардың қасында шеберлігімді шыңдап, тәжірибемді арттырсам деймін.

– Бұл сіздің бірінші әлем чемпионатыңыз ғой?

– Жоқ, бұған дейін 2015 жылы Колумбияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысқанмын. Ол жақта үздік ондыққа кірген едім.

– Лондонда да үздік ондықты көздейсіз бе?

– Жоқ, одан да жоғары орындардан көрінгім келеді.

– Үндістандағы «Сары құрлық» додасын өз көзіңізбен көргенсіз.Қалай ойлайсыз, Қазақстан Азия чемпионатын қабылдауға шамасы жете ме?

– Меніңше, жетеді деп ойлаймын. Өйткені, Ғұсман Қосанов мемориалын өте жоғары дәрежеде өткізіп, өзіміздің әлеуетімізді көрсете білдік. Егер Азия чемпионаты Алматыда өтсе, мен қуанышты болар едім. Ең бастысы, біз спортшылар бұған дайынбыз.

Тізімге қайта оралу