Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Мария Овчинникова: Токио Олимпиадасына барғым келеді

31.05.2017

Бек Төлеуов  
209
Мария Овчинникова: Токио Олимпиадасына барғым келеді Мария Овичинникова. Фото Эдуард Гавриш

Қарағанды облысы – еліміздегі жеңіл атлетика дамыған аймақтардың бірі. Совет одағы кезінде Валентина Герасимова  800 метрге жүгіру бойынша әлем рекордын жаңартқан еді. Атақты спринтер Владимир Муравьев одақ құрамасы сапында 4х100 бойынша командалық эстефтада екі мәрте Олимпиада чемпионы атанған. 80-жылдардың ортасында Сергей Засимович биіктікке секіруден Еуропа рекордсмені болды. Ал онсайысшы Дмитрий 2004 жылы Афины Олимпиадасында қола жүлдеге иелік етті. Қазіргі кезде де Қарағанды өз тұғырынан түскен жоқ. Талантты жастар көп. Солардың бірі теміртаулық 18 жастағы Мария Овчинникова.

Алматыда өткен Қазақстан кубогы мен командалық эстафетадан Қазақстан чемпионатында спортшы үш рет жүлдегерлер қатарынан көрінді. 4х100 жүгіру бойынша әйелдер арасындағы командалық эстфетада Қарағанды облысы жеңіске жеткен еді. Олардың арасында Мария да бар. Ал ұзындыққа секіруде екінші орын алса, үш қарғып секіруде қола жүлдеге қол жеткізді. Жарыстан кейін жеңіл атлетика Федерациясы порталының тілшісі спортшымен сұхбаттасқан еді.

– Мария, алдымен Алматыда өткен Қазақстан кубогындағы көрсеткен өнеріңіз туралы айтып өтсеңіз?

– Жалпы, жаман болған жоқ. Бірінші күні ұзындыққа секіруде екінші орын алдым. Бұл жолы көрсеткішім – 6.07 метр, былтырғы жеке рекордымнан 7 сантиметрге төмен. Есесіне, командалық эстафетада біздің төрттік чемпион атанды. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпаковамен бір секторда сайысқа түсу ерекше шабыт береді. Ол мен үшін үлгі тұтарлық спортшы. Бұл жолы ауа-райы да жақсы болды. Оның алдында жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының бірінші күнінде қатты жаңбыр жауған еді. Сол кезде ұзындыққа секіруден жеңіске жетсем де, көрсеткішім аса қатты мәз болмады (5.60 метр). Жалпы, менің оң жамбасыма келетін сайыс ол – үш қарғып секіру. Қазақстан кубогында Ольга Рыпакова және тағы бір елімізге танымал атлет Екатерина Эктовадан кейінгі үшінші орынға ие болдым.

– Қазақстан кубогы тәжірибе жинау жағынан үлкен септігін тигізген шығар?

– Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың өнерін бақылау әрдайым пайдалы. Оның техникасы мен қимыл-қозғалысына қарап көп нәрсе үйренуге болады. Маған техникалық тұрғыдан әлі көп жұмыс істеу қажет.

– Болашақ жоспарларыңыз қандай?

– Маусым айында Қазақстан чемпионаты өтеді. Сол кезде көрсеткішімді жақсартқым келеді. Биылғы жылы шілде айында Үндістанда өтетін Азия чемпионаты мен бүкіләлемдік Универсиада ойындарына қатыссам деп отырмын. Ол үшін,  әрине, тұрақты түрде жақсы секіру керек. Ал ең басты арманым, жалпы, кез келген спортшының мақсаты деп ойлаймын, Олимпиада ойындарына қатысу. 2020 жылғы Токио Олимпиадасына барғым келеді.

– Жеңіл атлетикадан басқа қандай спорт түрлеріне қызығушылығыңыз бар?

– Бала кезімде көптеген спорт түрлерімен айналыстым. Синхронды жүзу, таэквондо секілді спорт түрлерінде өз қабілетімді байқап көрдім. Осыдан 9 жыл бұрын әкемнің досы жеңіл атлетика секциясына қатысу туралы кеңес берген еді. Біздің Теміртауда жақсы жаттықтырушылар бар екенін айтты. Қатысып көріп едім, тұрақтап қалдым. Кейіннен өзімді енді тапқанымды түсіндім. Жеңіл атлетика менің қолымнан келетін спорт болып шықты.

Тізімге қайта оралу