Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Мигель Анхел: Қазақстанға алғаш келгенде таңқалғанымды жасырмаймын

24.08.2017

136
Мигель Анхел: Қазақстанға алғаш келгенде таңқалғанымды жасырмаймын сол жағында - Мигель Анхел

27 тамызда Астанада өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық марафоны қарсаңында  Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) танымал испаниялық маманы  Мигель Анхел біздің порталға сұхбат берді.

– Халықаралық марафонды ұйымдастырушылардың бірі – Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының алдағы спорттық шараға дайындығын қалай бағалайсыз?

– Бірінші кезекте, бұл сіздердің елдегі жеңіл атлетиканың дамып келе жатқанын байқатады. Қазіргі кезде Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы осындай бұқаралық жарыстар арқылы халықтың барлық тобын спортқа тартуды көздейтінін білемін. Оның жарқын үлгісі ретінде 27 тамызға жоспарланған Астанадағы халықаралық марафонды айтуға болады. Федерация осы марафонға республиканың түкпір-түкпіріндегі жүгіруге ниеті бар азаматтардың барлығын қатыстыруды жоспарына енгізген. Сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауды қолға алып отыр. Бұл аса маңызды. Жүгірумен айналысамын деген  адамға көп ақша жұмсап, спорттық жабдықтар сатып алудың қажеті жоқ. Ыңғайлы аяқ киім мен жейде болса жеткілікті. Бұл спорт түрімен кез келген уақытта айналыса беруге болады.

– Жеке өзіңіз Астана марафонынан не күтесіз?

– Астана марафоны сәтті өтеді деп үміттенемін. Қажетті қауіпсіздік шаралары сақталып, көтеріңкі күйде аяқталатына сенемін. Барлық қатысушылар мен қонақтар осы іс-шарадан керемет әсер алып, спорттық жарыстың атмосферасын сезінгенін қалаймын. Желаяқтар ғажайып нәтижелер көрсетеді деп күтпеймін. Бұл біздің алғашқы іскерлік байланысымыз. Алдағы уақытта жүгірушілерге жақсы жағдай жасауға тырысамыз. Алғашқы қадам жасаған кезде қателіктер болады. Бастысы, сол қателіктерден сабақ шығарып, алдағы уақытта нәтиже көрсету керек.  

– Осындай ірі масштабтағы халықаралық марафонды ұйымдастыру кезінде өте көп кешенді мәселелерді шешуді қажет етеді. Әлде олай емес пе?

– Өте дұрыс айтасыз. Мұндай марафонды ұйымдастыру оңай емес. Тіпті, 10 шақырымға жүгіретіндердің жарысын өткізу де көп жұмысты талап етеді. Марафон ұйымдастыру үшін ең бірінші кезекте локацияны анықтап алу қажет. Яғни жүгіретін тас жолы бар көшелерді қарап, өткізетін орынды белгілеу керек. Мұның бәрі қала басшысымен бірге шешілетін сұрақтар. Бұдан кейін маршрутты ойластырып, тас жолдың сапасын тексеру маңызды. Өйткені кәсіби спортшылар ғана емес, әуесқойлардың өзі түзу жолда жүгіруді қалайды. Мәреге жеткенше спортшыларға қаладағы әдемі, сәулетті ғимараттарды көрсеткен де дұрыс. Бұл туризм жағынан таптырмайтын мүмкіндік.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының 27 тамыздағы марафоны – қазақстандықтар үшін ғана емес, жалпы әлем үшін көрнекі спорттық іс-шара деп білемін. Мен көп елде болған адаммын, бірақ  барлық талаптарға сай тас жол табу оңай емес. Қазақстанға алғаш келгенде таңқалғанымды жасырмаймын. Астанада өте әдемі зәулім ғимараттар көп екен. Оның үстіне, Астананың күндізгі және түнгі көрінісі екі басқа. Қала басшылығы мұнымен тоқтап қалмауы тиіс. Астананың потенциалы өте зор. Алдағы уақытта бұдан да өзге жоғары деңгейлі іс-шаралар ұйымдастыруға мүмкіндігі бар.

Тізімге қайта оралу