Михаил Литвин: Стадиондағы нәтижемді жақсарту қажет

20.12.2017

Бек Төлеуов  
222
Михаил Литвин: Стадиондағы нәтижемді жақсарту қажет

Жақында ҚР жеңіл атлетикасының президенті Әділбек Жақсыбеков Астанада Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қаржылай сыйақымен марапаттады. Олардың арасында 400 метрге  жүгірген Михаил Литвин де бар. Салтанатты марапаттаудан соң, Түркіменстаннан қола жүлде еншілеген атлетпен аз-кем сұхбаттасқан болатызбыз.

– Михаил, биылғы маусымдағы өнеріне қандай баға бересің?

– Жабық кешендегі көрсеткішім көңілімнен шығады. Ал стадиондағы нәтижемді жақсарту қажет.

– Биылғы маусымдағы ең үздік көрсеткішің қандай?

– Тайпэйдегі жазғы Универсиада ойындарының жартылай финалында 400 метрді 46,40 секундта жүгіріп өткенмін. Бұл менің осы маусымдағы ең үздік көрсеткішім. Өкінішке қарай, финалда 53 секундқа кеш жүгіріп, жүлдеге іліге алмай қалғаным бар. Ал Ашхабадта мәреге 46, 51 секундта жеттім. Сөйтіп, Қазақстанның жабық кешендегі сайыстардағы рекордын жаңарттым.

– Ашхабадта келесі жылдың наурыз айында өтетін әлем чемпионатының нормативін орындадыңыз. Бирмингемдегі дүниежүзілік додаға дайындық қалай?

– Қазір бізде қысқы маусым. Қаңтар айында Қазақстан чемпионатына қатысамыз. Сосын Тегерандағы Азия чемпионаты мен Бирмингемдегі әлем чемпионатына бар. Осы жарыстарда жеке рекордымды жаңартып, мүмкіндігінше жоғары орындардан көрінуге тырысамын.

– Келесі жылдың басты жарысы Индонезияда өтетін жазғы Азия ойындары екені белгілі.

– Әрине, Азия ойындары жақсы дайындық жүргіземіз. Тамызға дейін уақыт бар. Сондықтан жарақаттан аман болсақ, ел сенімін ақтаймыз деп ойлаймын.

– Сіз жекелей сайыстан бөлек Игорь Кондратьев, Сергей Зайков, Андрей Соколов, Дмитрий Коблов секілді әріптестеріңізбен бірге эстафеталық жүгіруге де қатысасыз. Халықаралық жарыстарға осы жігіттермен бірге дайындаласыздар ма?

– Эстафетаға жүгіріп жүрген жігіттер әр қаладанбыз. Сондықтан үнемі бірге дайындалуға мүмкіндік жоқ. Тек оқу-жаттығу жиындары кезінде тактикалық тұрғыда өзімізді жетілдіріп, ақылдасамыз. Сіз айтқан жігіттермен биыл екі жарысқа қатыстық. Алдымен жазғы Универсиада ойындарында сосын жабық кешендегі Азия ойындарында бірге жүгіріп көрдік. Әзірге нәтиже ойдағыдай емес. Бірақ алдағы уақытта шамамыз жеткенше жақсартуға тырысамыз.

– Енді 2018 жылға қандай мақсат қойып отырсыз?

– Жабық кешендегі Азия чемпионаты мен жазғы Азия ойындарында жүлде алу. Сосын әлем чемпионатында мүмкіндігінше жоғары орындардан көріну.

Тізімге қайта оралу