Назерке Сұлтанбек: Астаналықтар марафоншыларға қолдау көрсетуді алматылықтардан үйренсе...

05.09.2017

Бек Төлеуов  
133
Назерке Сұлтанбек: Астаналықтар марафоншыларға қолдау көрсетуді алматылықтардан үйренсе...

Астанада өткен Шанхай Ынтымақтастық ұйымының халықаралық марафонына қатысқандардың арасында төртінші билік саналатын БАҚ өкілдері де болды. Олардың арасында 2017 метрге ғана емес, 10, 42 шақырымға жүгіргендері де бар. Солардың бірі спорт журналистикасында қызмет атқарып жүрген санаулы қазақ қыздарының бірі – Назерке Сұлтанбек. Марафоннан кейін 10 шақырымға жүгірген Назеркемен аз-кем әңгімелесіп, пікірін білген едік.

– Марафондағы ең басты мақсатым – тоқтамай жүгіру болатын.  Уақыт көрсеткіш аса маңызды емес еді. Абырой болғанда бірде-бір рет тоқтаған жоқпын. Бір қарқында жүгіріп шықтым. Мен үшін марафон қатысу – өзіме челендж секілді. Күніне 8 сағат кеңседе отыратын адам үшін марафонға қатысу оңай емес. Дегенмен 10 шақырымды ойдағыдай жүгірдім. Бұл маған бір сынақ секілді болатын. Осы қашықтықты жүгіріп, өзіме бірнәрсе дәлелдегендей сезінетінімді түсіндім. Ұйымдастыру комитеті керемет жұмыс атқарды. Алдағы жылдары да осы деңгейде ұйымдастырса, біздің қаламыз – марафоннан әлем чемпионатының астанасы атанары анық.

– Жүгіру барысында ешқандай қиындық туындамады ма?

– Ешқандай қиындық болған жоқ. Тәртіп сақшылары, еріктілер, ұйымдастыру  комитетінің өкілдері барлығы өз жұмыстарын тыңғылықты атқарды. Көліктерді, бөтен адамдарды жақындатпады. Біз сол кісілердің қорғауында болдық. Сондықтан ешқиындық туындамады. Тек жергілікті халық әлі мұндайға үйренбеген. Мысалы, Алматыда марафонға жүгіріп бара жатқандарды көрсе, жол жиегіне тұрып, шулап, рухтандырып отырады. «Сенің қолынан келеді», «Тоқтама», «Алға!» деген секілді сөздерді айғайлап айтып тұрады. Ал Астанада ондай жоқ екен. Өкінішке қарай, Астанада мұндай мәдениет толық қалыптаса қоймады. Егер бұл марафон жылда дәстүрлі түрде жалғасын тапса, онда халықта үйренеді деп ойлаймын.

– Журналист, әрі қатысушы ретінде қандай ұсынысыңыз бар?

– Тағы да қайталап өтейін, ұйымдастыру комитетінің жұмысы өте жақсы. Көңілімнен шықты.  Медиа-орталыққа дейін болды. Қатысушылар берген жейде мен дорба  да сапалы екен. Ал ұсынысым келесі жылы, әртүрлі қашықтыққа жүгіретін адамдардың медальдарында айырмашылық болса. Өйткені, биыл 2017 метрді ойнап жүріп жүгірген адамдар мен терлеп-тепшіп он шақырымды бағындырған біздерге бірдей медаль берілді. Ұйымдастыру комитеті осы жағын ескерсе деген үмітім бар. 

Тізімге қайта оралу