Олена Яноваская – Қазақстандық атлеттерді Украинаға «Golden hurdles» турниріне шақырамын

30.06.2017

Әзиз ЖҰМАДІЛ  
49
Олена Яноваская – Қазақстандық атлеттерді Украинаға «Golden hurdles» турниріне шақырамын Олена Яновская (оң жақта) биыл Қосанов мемориалында үшінші орыннан көрінді (фото: Эдуард Гавриш)

Биыл жеңіл атлетикадан Алматыда өткен Ғұсман Қосанов мемориалында 100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру бағдарламасында үшінші орынды жеңіп алған украиналық желаяқ Олена Яновская қазақстандық атлеттерді өз елінде өтетін «Golden hurdles» турниріне шақырды.

– Ғұсман Қосанов мемориалы маған қатты ұнайды. Өзіме ыстық. Өйткені, бірінші рет бұл жарысқа былтыр қатысып, Рио Олимпиадасының нормативін орындаған болатынмын. Алматы да әдемі қала. Стадионның жарыс жолы да өте жылдам. Жолаққа шықсаң болды, аяғың өзінен өзі жүгіре береді, - деп бастады сұхбатымызды Яновская.

– Олена, сіз осы турнирде тосқауылдар арқылы 100 метрге жарысып, 13.56 секундтық көрсеткішпен үздік үштіктен көріндіңіз. Көрсеткішіңізге көңіліңіз тола ма?

– Былтыр осы жарыста мен бас жүлдені жеңіп алған болатынмын. Бірақ биыл кішкене аяғымнан жарақат алып қалдым да, өткен жылғы көрсеткіштерімді қайталай алмай келемін. Дегенмен, бұл да жаман емес. Өйткені, биылғы барлық жарыстарымдағы көрсеткіштерімнен жақсы жүгірдім.

– Лондондағы әлем чемпионатының нормативін орындап қойған ба едіңіз?

– Жоқ, әлі орындаған жоқпын. Биыл әлем чемпионатына бара алмайтын да шығармын. Өйткені, аяғымның жарақаты маза берер емес. Жүгіртпейді. 6 шілде күні Украина чемпионатына қатысамын. Егер сол жарыста нормативті орындай алмасам, аяғыма кішкене демалыс беретін шығармын.

– Ал жеке рекордыңыз қанша?

– 13.00 секунд.

– Олена, енді Украина мен Қазақстандағы жеңіл атлетика жағдайын салыстырып өтсеңіз.

– Бұрын одақтас болғанымен екі елдің жеңіл атлетикасында айырмашылық өте көп қой. Сіздерден де біздің үйренеріміз көп. Мысалға, Ғұсман Қосанов мемориалы кезінде ұйымдастырушылардың қонақтарды қалай күтіп алғандары ұнады. Әдемі қонақүйлерге жайғастырып, бар жағдайымызды жасады. Бізде Украинада жарыстарды қабылдауға шамалары жететін қалалардың қонақүйлері көңіл көншітпейді. Сондай-ақ, Алматыда маған стадионның жарыс жолағы да ұнайды. Сонымен қатар, медальдарыңыздың да сапасы жақсы екен. Әдемі, әрі тартымды. Бізде мұндай нәрселерге аса мән бере бермейді Дегенмен, сіздердің өте үлкен кемшіліктеріңіз – қосалқы стадионның жоқтығы. Жоғары деңгейдегі жарыстарды өткізу үшін сіздерге тағы бір қосалқы стадион салу қажет. Сонда ғана әлемдік деңгейдегі додаларды өткізуге болады. Сонда ғана сіздердің стадиондарыңыз Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының толық стандарттарына сай болады.

– Жалпы, Қосанов мемориалына қайта шақырса, келуге дайынсыз ба?

– Әлбетте, келеміз. Мен де сіздерді қонаққа шақырайын деп едім. Біз биылдан бастап Украинада «Golden hurdles» турнирін ұйымдастыруды қолға алғанбыз. Өзім де Ұйымдастыру комитетінің мүшесімін. Еуропаның кіл мықтылары жиналды. Мұнда тек тосқауылмен жүгіруде бақ сынайтын атлеттер ғана қатысады. Кейін сіздердің де спортшыларыңыз естіп, шақырмағанымыз үшін аздап ренжігендей болды. Дегенмен, келесі жылдан бастап Қазақстанның желаяқтарын да осы турнирде күтеміз.

Тізімге қайта оралу