Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

7

Күн
Дунгань, Қытай

Ольга Рыпакова – Әлем чемпионатында толық бабыма келемін

22.06.2017

176
Ольга Рыпакова – Әлем чемпионатында толық бабыма келемін Ольга Рыпакова – Әлем чемпионатында толық бабыма келемін

Қазақстан «Спорт падишасында» өзге атлеттер бір төбе де, Ольга Рыпаковамыз бір төбе екені рас. Оған назар да ерекше, көңіліміз де айрықша.

Үш қарғып секірушіміз жақында Алматыда өткен ел чемпионатына қатысқан жоқ, осы аптада өтетін Ғұсман Қосанов мемориалына да қатысуы екіталай. Жалпы, бүгінде Рыпакованы елде кездестіріп қалудың өзі кездейсоқтық жағдай. Жеке бағдарлама бойынша жаттығып жүрген Олимпиада чемпионымен оңтүстік астанамызда кездесіп, алдағы жоспарлары жайында сұраған едік. 

– Ольга, шыны керек, сізді Алматыдан кездестіреміз деп ойлаған жоқ едік. Шетелде жаттығып жүр деп ойлағанбыз. Жалпы, алдағы уақытта сізді қай жарыстардан көре аламыз?

– Негізі мен Алматыдамын. Қазақстан чемпионатын көру үшін келген едім. Бірақ қыздар арасындағы үш қарғып секіру бағдарламасына үлгере алмадым. Ал жалпы «Гауһар лига» додасының Римдегі бәсекесінен кейін қазір келесі кезеңдерге дайындалып жүрмін. 16 шілде күні Марокко астанасы Раббатта «Гауһар лиганың» кезекті кезеңі болады. Сол жерде бағымды сынаймын. Одан кейін 21 шілде күні осы Лиганың Монакода өтетін кезеңіне қатысамын. Ал қыркүйекте Лондонда өтетін әлем чемпионаты күтіп тұр.

– «Гауһар лиганың» Римдегі кезеңіне қайта оралсақ. Үшінші орын емес, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілетін мүмкіндік болды ма?

– Өзімнің көрсеткішіме көңілім толды. Ұзақ уақыт демалыстан кейін үздік үштікке кіруім де жаман емес. Бабымда екенімді көрсеттім. Оның үстіне, Италияда өзімді нашар сезіндім. Ұшаққа отырғанда-ақ аздап әлсіздігімді сезіндім. Жарыс жолына шыққанда да кішкене өзімді ыңғайсыз сезініп жүрдім. Осының барлығына қарамастан осындай көрсеткішке қол жеткізгеніме ризамын. Тек бір ғана мүмкіндігімде 14,60 метрден артық секіргенім аздап көңілімді құлазытты.

– Венесуэлалық Юлимар Рохас пен колумбиялық Катерин Ибаргуэн үшеуіңіз жеңіс тұғырына жақын уақытта ешкімді жақындатпайсыздар ма?

– Катерин Ибаргуэн – өте тәжірибелі атлет. Екеуміздің бәсекелестігіміздің жалғасып келе жатқанына бірнеше жыл болды. Ал Юлимар Рохас жас та болса, болашағынан мол үміт күттіретін спортшы. Мен Лондон Олимпиадасын жеңіп алған кезімде Юлимар небәрі 13 жаста болатын. Қазір өзімізбен жарысып жүр. Жалпы, екеуіне бабына келіп алды. Солардан қалмай, жеңіс тұғырынан көрініп жүргеніме ризамын. Әлі де көрсеткіштерімді жақсартқым келеді.

– Лондонда өтетін қыркүйек айындағы әлем чемпионатында да жүлделі орындар осы үшеуіңіздің араңызда сарапқа салынатын шығар?

– Мен де солай ойлаймын. Оған дейін толық бабыма келуім керек. Меніңше, Лондонда үздік үштікке ұмтылатындардың көрсеткіштері 15 метрдің айналасында болмақ. Ал 15 метрден асыра секірген атлет чемпиондықты қанжығасына байлайтын шығар.

– Әлем чемпионатында 2012 жылғы Олимпиада ойындарында өнер көрсеткен стадионда жарысасыздар ма?

– Иә, стадион сол. Дегенмен, мұндай ірі бәсекелердің алдында дәстүр бойынша жарыс жолағын алмастырып жатады.

– Ольга, енді Қазақстан чемпионаты жайлы айтып өтсеңіз. Қандай әсер алдыңыз?

– Өкінішке қарай, барлық бағдарламаларды көріп үлгере алмадым. Дегенмен, құрбыларыма келіп жанкүйер болдым. Соның өзіне қуаныштымын.

– Үш қарғып секіру бағдарламасында елімізде ізбасарларыңыз ретінде кімдерді айта аласыз?

– Ел чемпионатында секірген атлеттердің басым бөлігі жастар. Ең бастысы, олар қазір жаттығудан басқа ешнәрсені ойламай, шеберліктерін шыңдай берулері тиіс. Дарынды жастар көп. Тек өздеріне деген жауапкершілікті жоғалтып алмаулары қажет.

Тізімге қайта оралу