Ольга Рыпакова: "Гаухар лиганың" барлық кезеңдеріне қатысқым келеді

25.05.2017

Бек Төлеуов  
212
Ольга Рыпакова: "Гаухар лиганың" барлық кезеңдеріне қатысқым келеді Ольга Рыпакова. Фото Эдуард Гавриш

Үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова Алматыда өткен Қазақстан кубогында 14.45 метрге секірді. Бұл көрсеткіш осы маусымдағы әлемдегі әзірге ең үздік нәтиже. Жарыстан кейін спортшымен аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Ольга, жеңісіңіз құтты болсын! Алдымен Қазақстан кубогы туралы айтып өтсеңіз?

– Рахмет. Бұл менің осы маусымдағы алғашқы қатысып отырған жарысым. Қазақстан кубогына жаттығу процесі секілді қарағандықтан өзімді еркін сезіндім. Мен мұнда жарыстың атмосферасын сезіндім және техникалық жағынан өзімді шыңдай түстім.Әлем чемпионатының нормативін орындадым. Енді алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындала берсем болады.

– Биылғы маусымдағы алғашқы халықаралық жарысыңызды қайдан бастайсыз?

– «Гаухар лигадан» бастағалы отырмын. 8 маусым күні Италия астанасы Римде өтетін кезеңге қатысамын. Жалпы, мүмкіндік болса «Гаухар лиганың» барлық кезеңдерінде өнер көрсеткім келеді.

– Әлем чемпионатының нормативін орындадыңыз. Лондонда алдыңызға қандай мақсат қойып отырсыз?

– Бастысы, әлем чемпионатына максимальді түрде дайын болу. Біріншіден, жарақаттан абай болу керек. Екіншіден, техникалық жағынан тағы да өзімді жетілдіре түсуім қажет. Жылдамдық пен секірген кездегі физикалық күштің де өзіндік рөлі бар. Қалғаның уақыт көрсетеді. Ең негізгісі, әлем чемпионаты кезінде спорттық бабымда болсам деп отырмын.

– Әлем чемпионатында жүлдеге ілігу үшін қанша метрге секіру керек?

– Меніңше, 15 метрден кем болмауы тиіс. Сол кезде жоғары орындарға таласуға болады. Ал нақты осынша метрге секірсем чемпион боламын деп айта алмаймын.

– Ең басты қарсыласым деп кімдерді айта аласыз?

– Бірінші кезекте Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы – Катрин Ибаргуэн. Екеуіміз құрдаспыз. Сондай-ақ көптеген жастар өсіп келеді. Жеңіл атлетикадан Венесуэла еліне алғашқы Олимпиада ойындарының жүлдесін әперген 21 жастағы Юлимар Рохас бар. Ол биылғы жылы өзінің көрсеткішін жақсарта түседі деп ойлаймын.

– Осы ретте Катрин Ибаргуэн туралы сұрай кетейін деп едім. Соңғы жылдары колумбиялық атлет жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Ол осындай деңгейге қалай көтерілді?

– Ол өте көп жұмыс істеді. Жайдан-жай мұндай жоғары көрсеткішке қол жеткізе алмайды ғой. Катрин Ибаргуэннің нәтижесі тұрақты. Сондай-ақ физикалық және жылдамдық тұрғысынан мықты. Ал тәжірибе өздігінен келе бастайды. Катрин өте сауатты әрі қарқынды еңбек етті. Соның арқасында осындай прогресс байқалады.

Тізімге қайта оралу