Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

2

Күн
Дунгань, Қытай

Ольга Рыпакова: Римде жанкүйерлерді қызықты бәсекелестік күтіп тұр

08.06.2017

Бек Төлеуов  
183
Ольга Рыпакова: Римде  жанкүйерлерді қызықты бәсекелестік күтіп тұр 7 маусым, Рим – Ольга Рыпакова пен Денис Рыпаков

Бүгін Италия астанасы Римде жеңіл атлетикадан «Гаухар лига» сайысының төртінші кезеңі өтеді. Оған 2012 жылғы Олимпиада чемпионы, қазақстандық Ольга Рыпакова да қатысады. Жарыс алдында жеңіл атлетика федерациясы порталының тілшісі спортшымен телефон арқылы тілдескен болатын.

– Ольга, жарыс алдында көңіл күйіңіз қандай? Римдегі «Гаухар лиганың» төртінші кезеңінен не күтесіз?

– Көңіл күй өте жақсы. Тек аздап суық тигізіп алғаным проблема болып тұр. Мұндай жағдайлар бұрын да болған. Сондықтан ойдағыдай өнер көрсетуіме кедергі келтіре қоймас. Мықты қарсыластардың қатысқанын күтемін. Өйткені жарыстың әсерін сезінгім келеді. Бәсекелестік жоғары болғаны спортшыны шыңдайды. Мамырда Қазақстан кубогында мен өз-өзіммен жарыстым. Ал Римге әлемнің үздіктерінің бәрі келді. Олармен тағы бір мәрте сайысқа түсіп көрудің мүмкіндігі туып тұр. Бірақ Римде өзімнен жоғары нәтиже күтпеймін. Бастысы, жақсы көңіл күй мен өзіме деген сенімділікті сезіну. Дайындығымызды тексеріп көреміз. Егер кемшіліктер болса, әлем чемпионатына дейін ол қателіктерді түзеуге болады.

– Римдегі «Гаухар лига» сайысына мықтылардың барлығының қатысуының себебі неде?

– Меніңше, әрбір кезең солай өтеді. Қазір «Гаухар лиганың» жүйесі өзгерген. Әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысы төрт кезеңге қосылған. Сол төрт кезеңде ең көп ұпай жинаған атлет финалдық яғни бесінші стартқа қатысады. Былтырғы жылы 7 кезеңге енгізілді. Арасында бір-екеуін өткізуге мүмкіндік болған. Соған қарамастан финалға шығатына 100 пайыз сенімді болатын едік. Ал қазір олай емес. Төрт кезеңнің барлығында өзіңді көрсетуің қажет.

– Қарсыластарыңыздың ішінде кімде ерекше атап өте аласыз?

– Барлық 11 атлетте мықты. Әрине, бірінші кезекте Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, колумбиялық Катрин Ибаргуэн мен күміс жүлдегер Юлимар Рохас (Венесуэла). Сондай-ақ Ямайка мен Украинадан тәжірибелі спортшылар келді. Жалпы, Римге мықтылардың бәрі жиналды. Осы атлеттер тамызда Лондонда өтетін әлем чемпионатында да жүлдеге таласатын болады.

– Мамырда Алматыда өткен Қазақстан кубогында 14.45 метрге секірдіңіз. Бұл көрсеткіш биылғы маусымдағы әзірге әлемдегі ең үздік нәтиже болып тұр. Римде нәтижені тағы да жақсарта түсуге мүмкіндік бар ма?

– Жақсартқым келеді (күлді). Қазақстан кубогында өзім жалғыз жарысып жүргендей болдым. Ал мында бәсекелестік болатыны анық. Мен соны сезінемін деп үмітенемін. Эмоция болған кезде нәтижені жақсартуға болатыны анық.

– Старт алдында қобалжу бар ма? Жалпы спортшылардың қобалжығаны жақсы нәтиже көрсетуге кедергі келтіре ме? әлде керсінше ме?

– Әзірге қобалжу жоқ. Мүмкін жарыс алдында болатын шығар. Қобалжу маған көп жағдайда көмектеседі. Бірақ өз өзіне бақылау жасай білуің қажет. Егер шектен тыс шығып кетсе, көп күш жұмсап қоясың. Ол кезде стартта қиындау болады. Ал ешқандай эмоциясыз, қобалжу болмаса тағы дұрыс емес. Сондықтан аздап қобалжығаның кедергі емес.

– Римге бұған дейін де барғаңызды білеміз. Бұл қала әрбір келгенде қандай эмоция сыйлайды?

– Мен Римде бірінші рет болып тұрған жоқпын. Бұған дейін бірнеше рет келгенмін. Өте қызықты қала. Өзінің сәулет құрлысымен баурайды. Қазіргі кезде қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан жерлер бар. Рим – ескі қалалардың бірі. Ауасынан-ақ тарихи құндылықтарды байқайсың. Колизейге барғанда керемет әсер алдым. Гладиаторлардың шайқасын сезінгендей боласың. Әсіресе, Ватикан қатты ұнады. Керемет жер екен.

– Ольга, ал Италия асханасы туралы не айтасыз?

– Маған Италия асханасы ұнайды. Италия салаты, көкөністерін жақсы көремін. Ал пиццаның дәмін жарыстан кейін татамыз деп ойлаймын.

– «Гаухар лига» – өте беделді коммерциялық турнир. Бұл жарыстан қанша табыс табуға болады?

– Қателеспесем, әрбір кезеңнің жеңімпазына 10000 доллар көлемінде сыйақы береді. Ал финалдық кезеңде бұрынғы ұпайлар есептелмейді. Соңғы кезеңде жеңіске жеткен спортшы 50 мың долларға ие болады. Қазіргі кезде жеңімпаздан бөлек, жүлдегерлерге де сыйақы үлестіріледі.

– Биылғы жылы «Гаухар лиганы» жеңіп алу жоспарыңызда бар ма?

– Әзірге ештеңе жоспарламаймын. Әрине, жеңіп жатсам үлкен жетістік болар еді. Мен үшін ең басты старт –әлем чемпионаты. Биылғы жылы дүниежүзінің мықтылары 4-13 тамыз аралығында Лондонда жиналады. Барлық ойым сол әлем чемпионатында. Үздік үштіксе кірсем, чемпион атанып жатсам тіптен жақсы болар еді!

Тізімге қайта оралу