XXVIII Ғ.Қосанов Мемориалы» халықаралық жарысы

Есептегіш

11

Күн
Алматы

Ольга Сафронова: Әдебиетті жақсы көремін

11.05.2017

Бек Төлеуов  
328
Ольга Сафронова: Әдебиетті жақсы көремін Ольга Сафронова

Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен жазғы Азия ойындарында біраз жаңа есімдерге куә болған едік. Солардың арасында жеңіл атлет Ольга Сафронова да бар. Бұған дейін халықаралық ареналарда жолы болмай жүрген спортшы Таң елінде отандық жанкүйерлерді бір желпінтіп тастады. Ольга былтыр Рио Олимпиадасына да қатысты.

Ольга Сафронова – 1991 жылы Қарағанды қаласында дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазіргі кезде Павлодар облысының намысын қорғап жүр. 100 метрге жүгіруден  Қазақстан рекордының иегері (11,37 с). 2014 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атанған. Лондон және Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысқан.

– Ольга анаңыз, Ирина Сафронова да жеңіл атлетикамен айналысқанын естіген едік. Спорттың осы түрің таңдауыңызға анаңыздың ықпалы болды ма?

– Анамның жеңіл атлетикамен кәсіби түрде айналысқаны рас. Бірақ мені секцияға жазылып, осы спортқа қатыс деп күштеген емес. Спортшы болуды өзім қаладым. Сегіз жасымда құрбымның шақыруымен жеңіл атлетика секциясына жазылдым. Анам қолдау білдірді. Содан бері барлық өмірімді осы спорт түріне арнап келемін. Ең алғашқы жарысымда жеңіске жетіп, мақтау қағазын алғаным қосымша шабыт берді. Бұдан соң, жеңіл атлетикаға деген махаббатым одан сайын күшейте түсті.

Анам кезінде 100 метрге кедергілер арқылы жүгірген. Алғаш жүгіріп жүрген кездері менің көрсеткішімді әлі қайталаған жоқсың деп айтатын. Кейіннен жылдамдығымды арттырып, анамның рекордың жаңартқанда ол мені мойындады (күлді).

– Анаңыздың кедергілер арқылы жарысқанын айтып қалдыңыз. Ал өзіңіз спринтерлік жолды таңдадыңыз. Осының себебін айтып өтсеңіз?

– Мен көп уақыт жүгіргенді ұнатпаймын. Бала кезімнен ұзақ қашықтыққа аса құмар емес болатынмын. Анам секілді кедергілер арқылы жүгірмеген себебім, бұрын бір-екі рет құлап қалғанмын. Сондықтан қорқып қалыппын. Ал спринтерлік жүгіруде өзімді сынап көріп едім, көрсеткішім жаман болмады. Сосын осы жолды таңдадым. Негізі бала кезімде жеңіл атлетиканың барлық түрінде өзімді сынап көргенмін. Бірақ соңында осы қысқа қашықтыққа жүгірулерді таңдадым.

– Спортшы үшін төрт жылдықтың басты додасы – Олимпиада ойындарына қатысу екені белгілі. Сіздің бұл ойыңыз ең алғаш Лондон Олимпиадасында орындалды. Алған әсеріңіз ерекше шығар...

– Жүгіру жолағына шыққан кездегі алған әсерім әлі есімде. Мен америкалық Кармелито Джеттермен жарыстым. Ол мен үшін кумир, жүгіргені ұнайтын. Спортшы ретінде қатты бағалаймын. Старт басталғанша бірге жаттығу жасадық. Оның менің тобымда екенін тізімнен көрдім. Қатты әсерлендім. Жарыс таңертең ерте басталған еді. Соған қарамастан стадион толық болды. Көрермендердің қолдауын сезіндім. Старттан алғашқы 30 метрге ұзап шыққанша қасымда ешкім болмады. Көшбасында келе жатыр екенмін. Негізі мұндай ірі жарыстарда барлығы алдымды орап кететін. Бұл жолы мәреге екінші келіп, жартылай финалға өттім.Мәреге жеткенде өз-өзімді сабырға шақырып, эмоциямды басуға тырысты. Оның үстіне ертеңінде жартылай финал.

Ал жартылай финалда барлық аяғымның буындары ауырып, жүгіру қиынға соқты. Ширек финалда барлық күшімді жұмсап қойғанымды түсіндім. Аздаған тың күш жетпеді.

– Шыны керек, сіздің есіміңіз 2014 жылғы Азия ойындарынан кейін танымал бола бастады? Оңтүстік Корея жерінде өткен сары құрлықтың додасына тыңғылықты дайындалдыңыз ба?

– Жалпы, кез келген жарыстың алдында үлкен жауапкершілік артылады. Азия ойындары басталмас бұрын медаль әкелуің керек дегендер көбейді. Мұндай жауапкершілік психологиялық тұрғыдан өте қиын. Атлетикалық қалашықта басшылықты көріп қалсаң, медаль туралы әңгімелерді бастайды.Осындай кезде өзіне қаншалықты сенім артылып отырғаның жақсы түсінесің.

Инчхонда 100 метрге жүгіргенде толқынысымды баса алмадым. Сондықтан қола жүлдемен шектелдім. Ал 200 метрге жарысар алдында чемпион боламын деп өз-өзіме сөз бердім. Сол күні өте ашулы болдым. Жеңіске жеткеннен кейін, жылап, ішкі эмоциямды бір шығарып алдым. Одан кейін командалық эстфетадан жүлдегер атандық.

– Сізді алға ұмтылдыратын не нәрсе?

– Мақсат қойып, соған қалай да жету. Қандай жағдайда да еңсеңді түсірмеу. Оған ұмтылмасаң, тыныс алудың өзі қиындайды. Өмірдің мәні кетеді. Сені ешкім сүйремейді. Сенің жауың да, ең жақын досың да – өзіңсің. Кедергілер мен проблемалардан қорқудың қажеті жоқ. Өмір әуежай іспеттес: ұшу жолағының түсі – қара, ал әуеге көтерілгенде айналаңның барлығы аппақ. Ең бастысы, сенімді жоғалтпау керек.

– Спринтте әрбір секунд маңызды. Шешім тез арада қабылдануы керек. 100 метрлік қашықтыққа жүгіріп бара жатқан спортшы не ойлайды?

– Көп нәрсені ойлап үлгермейсің. Белгі берісімен жүгіресің, мәреге жеткенде нәтижеңнің қандай екендігін бір-ақ түсінесің. Оймен күрес қашықтықты бағындырған соң басталады – неліктен қарсыласымнан қалыс қалдым, қай тұста қателік жібердім деген сұрақтар мазалап қоймайды.

– Үй шаруасына икеміңіз қандай?

– Мен тамақ істегенді қатты жақсы көремін. Тіпті, хоббиім деп айтсам да болады. Әрдайым жаңадан бірдеңге пісіргенді қалап тұрамын. Кейде жарыстан келгенде асханға кіруге аса құлшыныс болмайды. Ал іске бел шешіп кірісіп кеткенде дәмді тағамдар пісіремін. Менің ең жақсы көретін ас мәзірім – паста. Сондай-ақ тауық етінен бәліш пісіргенді ұнатамын.

– Спорттан өзге қандай қабілетіңіз бар?

– Мектепте оқып жүргенде химия пәнін жақсы көретінмін. Сондай-ақ әдебиетте ұнайтын еді. Мәнерлеп оқудан байқау өткен кездері үнемі өлең оқитынмын. Бұл қасиет атамнан дарыған.Атамның ақындық қасиеті бар.

Бала күнімнен Олжас Сүлейменов, Сергей Есенин, Анна Ахматованың поэзиясына ғашық болдым. Әлі күнге біраз өлеңді жатқа айта аламын. Өзім өлең жаза қоймаймын. Мектепте аздап байқап көрдім. Бірақ менің қолым емес екенін түсіндім. 

– Алғашқы тапқан табысыңызды қайда жұмсадыңыз? 

– Кәсіби фотоаппарат сатып алғанмын.  

– Суретке түсіруге қызығасыз ба?

 – Сол кезде маған фотоға түсірген ұнайтын. Бірақ арада біраз уақыт өткен соң, бұл қызығушылығым бәсеңдеді. Дегенмен өзімде қабілет бар екенін сеземін. Кәсіби фотограф болу үшін оқу қажет. Оған біраз уақыт кетеді. Әзірге менде ондай уақыт жоқ.  

– Ольга, өміріңізді тек спортпен ғана байланыстырасыз ба? Әлде басқа да қызығушылықтар бар ма? Егер спорт болмаса қай салада қызмет етер едіңіз?

 – Дәл қазіргі кезде өмірімді спорт­пен ғана байланыстырамын. Бірақ алдағы уақытта не боларын кім болжап білген? Бапкерлікпен айналысуыма мүмкіндігім бар. Өйт­кені өзім осы сала бойынша жоғары оқу орнын бітірдім. Фит­нес-жаттықтырушылықпен айналысып, адамдарға өз денесін дұрыс шынықтыруға көмектесуге болады. Спорт – қиындығы мен қызығы көп сала. Бәлкім, болашақта спорттан да кетіп, өмірімді басқа арнаға бұруым мүмкін. Маған сұлулық саласы қатты ұнайды: маникюр, педикюр секілді мамандықтарға қызығамын. Мұның бәрі қызығушылық, бірақ... Кім білген? Қазіргі уақытта өзімді Олимпия ойындарының тұғырынан көргім келеді. Армандауға ешкім кедергі болмас. Төрт жылдықтың бас­ты додасына үлкен дайындық керек. Мен қазір сол жолдамын. 

Әңгімелескен: Бек Төлеуов

Тізімге қайта оралу