Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

7

Күн
Дунгань, Қытай

Ольга Сафронова: Қазақстан кубогына дейін жарақатымнан айығамын деп үміттенемін

06.05.2017

Бек Төлеуов  
200
Ольга Сафронова: Қазақстан кубогына дейін жарақатымнан айығамын деп үміттенемін Ольга Сафронова

Сейсенбінің кешінде Азия Гран-приінде табысты өнер көрсеткен атлеттер елге оралды. Әуежайда спортшыларды күтіп алып, аз-кем әңгімелескен едік. Қытайдың Цзиньхуа қаласында өткен бірінші кезеңде күміс медаль алған Ольга Сафронова кейінгі екі кезеңде жарақатына байланысты жарыс жолына шықпады. Керекулік атлет kazathletics.kz тілшісіне жарақатынан қалай айығып жатқанын айтып берді.

– Бірінші кезеңде жарақат алу деген өте өкінішті жағдай. Бізде тез айығып кететіндей мүмкіндік болмады. Сондықтан ең болмаса үшінші кезеңде де жарыса алмадым. Әйтпесе Тайбэйдегі соңғы кезеңде жүгіремін деп үмітеніп едім. Қазір жағдайым жақсарып қалды. Ең бастысы, ауыр жарақаттан құдай сақтады. Аяғым құрысқаны болмаса, бәрі ойдағыдай. Бұл жарыс жолына ерте қосылғандықтан деп ойлаймын. Бәлкім ресми жарысқа кейінірек шыққаным дұрыс болар ма еді? Өйткені мен әлі дайын емес едім.

– Сіз жарақатты жарыс кезінде алып едіңіз ғой?

– Аяғым дистанция аяқталғанда емес, стартқа тұрғанда-ақ құрысқан болатын. Бірден аяғым ауырсынып тұрғанын байқадым. Тіпті, мәреге қалай екінші келіп, күміс жүлде алғанымды да білмеймін.

– Енді жарақаттан толық айығып кету үшін қанша уақыт қажет?

– Үйге енді келіп жатырмыз. Шама келгенше тезірек жазылу үшін тырысатын боламыз. Ең қиын кезең артта қалды. Біз Гран-приге барғанда қасымызда массажист, дәрігер ешкім болмады. Өте өкінішті жағдай. Енді 13 мамырда Қазақстан кубогына қатысуға тырысамын. Соған дейін жарақатымнан айығып, бабыма келсем жақсы болар еді.

P.S. Айта кетейік, Азия Гран-приінің үш кезеңінен Қазақстан атлеттері 9 алтын, 5 күміс, 4 қола медаль жеңіп алды.

Тізімге қайта оралу