Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

6

Күн
Дунгань, Қытай

Ольга Сафронова:Адамның жауы да, ең жанашыр досы да – өзі ғана

11.11.2017

92
Ольга Сафронова:Адамның жауы да, ең жанашыр досы да – өзі ғана

Жеңіл атлеттер үшін бұл маусым аяқталды. Қазір құрамамыз келесі маусымда жақсы нәтиже көрсету үшін Түркияға оқу-жаттығу жиындарына аттанып барады. Сол сапар алдында командамыздың көшбасшы спортшыларының бірі Ольга Сафронованы әңгімеге тарттық. Ольгаға хабарласуымыз тегін емес. Алдымен бойжеткенді туған күнімен құттықтадық, сонан соң жылдың қорытындысы мен болашаққа бағдары туралы сұрадық.

– Ольга, туған күніңіз құтты болсын! Алдымен жекеменшік мерекеңізге қарамастан сұхбат беруге келіскеніңіз үшін көп рақмет! Бұл күнді әдетте қалай тойлайсыз?

– Осы күні құттықтауға уақыт тапқан сіздерге де рақмет! Мен үшін ең қуанышты күн – отбасымның жанында болған күн. Сондықтан үйде болсын, мейрамханада болсын жақындарым жанымда болса жетіп жатыр.

–  Қандай сыйлық алған ұнайды?

– Өзім сыйлық алғаннан гөрі біреуге сыйлық жасағанды көбірек ұнатамын. Сыйлықтың құны, түрі, түсінде тұрған ештеңе жоқ. Бастысы, көңіл. Шын ниетпен берілген кез келген сый мен айтылған сөзге мәз болып қаламын.

– Жыл аяқталуға жақын, маусымның жарыстары да тәмамдалды. 2017 жыл сіздің есіңізде несімен қалды?

– Бұл жыл мен үшін сын мен сынаққа толы болды. Жарақаттан айығуға көп уақыт жұмсадым. Соған қарамастан біраз жетістікке жеткеніме қуанамын. Азия чемпионаты, жабық кешендегі Азия ойындарында жүлде алдық. Универсиадада эстафетаның медалі де біздікі еді, тек кейбір жайттарға байланысты ол жүлдені қайтаруға тура келді. Жеке көрсеткіштеріме келсем, аса көңілім толды дей алмаймын. Бұдан да жақсырақ нәтижеге жетуге болар еді. Сондықтан жуық арада денсаулығымды жақсартып, алдағы маусымда секундтар көрсеткіші жақсарады деп үміттенемін. 

– Қазір аяғыңыз қалай?

– Біртін-біртін қалыпқа келе бастадым. Міне, Түркияға оқу-жаттығу жиындарына кетіп барамыз. Әзірге менде әлем чемпионатында өнер көрсетуге мүмкіндік беретін норматив жоқ. Бәрі ойдағыдай болса, тиісті ұпайларды жинауға тырысамын. Егер оған дейін қалыпқа келіп үлгермесем, жазда өтетін Азия ойындарына дайындаламын.

– Азия ойындарында эстафетада қателік жіберіп, қыздарымыз жарыстан шеттетілді. Бұл жағдай былтыр да болған. Қателік қайдан кетті?

– Былтыр Рио олимпиадасында сызықтан асып кетіп, дискваликация алдық. Универсиадада да жүлдемізден айырылдық. Бұл жолы да қателікке бірнеше себеп әсер еткен тәрізді. Виктория Зябкинаның жарыс жолағына аяғы ауырып шыққанын білесіздер. Жанымызда жеке бапкерлеріміздің жоқтығы тағы бар. Одан қалды біз түрлі сайыстарда тәжірибе жинап үлгергенімізбен, қатарымызға жақында ғана қосылған қыздар толқуларын жеңіп үлгермеген де болуы мүмкін. Командамызбен ақылдасып, қай тұста, неліктен қателік жіберілгенін талқыладық. Келесі жылы мұндай жағдай болмайды деп ойлаймын.


– Былтырғы Олимпиадаға сіз үлкен үмітпен аттандыңыз. Жеңіске жетемін деген мақсат болды. Дегенмен сол ойыңыздың жүзеге аспай қалуына не себеп?

– Жарыс уақыты біраз қолайсыздық тудырды. Себебі, 100 метрге жергілікті уақытпен 23:30-да жүгірсек, 200 метрге жарыстар таңғы 9-да басталды. Біз қайсысына дайындалатынымызды білмей қалдық. Мұндайда күшті дұрыс жұмсап, әлсіреп қалмау өте маңызды. Екіншіден, былтыр да жарақатпен күресуге тура келді. Риоға операциядан соң аттандым. Шамасы, толықтай қалыпқа келіп үлгермесем керек. Сондықтан Бразилия аламанына барудың өзі жетістік болды. Сол жолы 200 метрлік қашықтықта маусымдағы ең жақсы нәтижемді көрсеттім.

– Бала күніңізде жеңіл атлетиканың басқа да түрлерімен шұғылданғаңызды білемін. Неліктен спринтті таңдадыңыз?

– Бір күні құрбым екеуміз жеңіл атлетика үйірмесіне барамыз деп шештік. Мұнымды анама естіп қатты қуанды. Бағымды бірнеше спорт түрінен сынап көрдім. Бапкерім менің бойымнан спринтшіні байқаған болар, «сен жүгіру керексің» деп мені өз шәкірттерінің қатарына қосты. Бастапқыда жеңіс үшін қуыршақтар, мақтау қағаздарын беретін. Біз соған кәдімгідей қуанамыз, баламыз ғой.

– Сіздің анаңыз да спортшы – кедергімен жүгіруден аз-маз жетістіккен жеткен. Ағаңыз да жеңіл атлет. Спорттық отбасының өзгелерден қандай айырмашылықтары бар?

– Ұмтылыс. Спортшы болу үшін адамға мінез керек. Үйде де әрқайсымымыз өз мінезімізді көрсетуге, іс-әрекетіміздің дұрыстығын дәлелдеуге тырысамыз. Үйдің ішінде де бәсекелесіп жүреміз.

– Сонда қалай?

– Мысалы, анам өзінікін дұрыс дейді, мен өз дегеніме жетуге тырысамын. Шешімді ақылдасып, талқылап отырып қабылдаймыз. Өзіңді көзқарасы қалыптасып үлгерген адам ретінде, көшбасшы ретінде көрсеткің келеді. Бірақ бұл бізді татулығымызға нұқсан келтірген емес.

– Сізді алға ұмтылдыратын не нәрсе?

– Мақсат қойып, соған қалай да жету. Қандай жағдайда да еңсеңді түсірмеу. Оған ұмтылмасаң, тыныс алудың өзі қиындайды. Өмірдің мәні кетеді. Сені ешкім сүйремейді. Сенің жауың да, ең жақын досың да – өзіңсің. Кедергілер мен проблемалардан қорқудың қажеті жоқ. Өмір әуежай іспеттес: ұшу жолағының түсі – қара, ал әуеге көтерілгенде айналаңның барлығы аппақ. Ең бастысы, сенімді жоғалтпау керек.

– Спринтте әрбір секунд маңызды. Шешім тез арада қабылдануы керек. 100 метрлік қашықтыққа жүгіріп бара жатқан спортшы не ойлайды?

– Көп нәрсені ойлап үлгермейсің. Белгі берісімен жүгіресің, мәреге жеткенде нәтижеңнің қандай екендігін бір-ақ түсінесің. Оймен күрес қашықтықты бағындырған соң басталады – неліктен қарсыласымнан қалыс қалдым, қай тұста қателік жібердім деген сұрақтар мазалап қоймайды.


– Біз Азияда үздіктердің қатарындамыз. Бірақ әлемдік деңгейде жүлдеге ілігетін жеңіл атлеттеріміз бірен-сараң. Нәтиженің жақсара түсуі үшін біздің спортшыларға не қажет деп ойлайсыз?

– Жақында ғана Германиядан оралдым. Емделіп жүріп спортшылардың дайыналу технологиясымен таныстым. Ол жақта спортқа ғылым араласқан. Сенің кемшіліктеріңнің себебін болжаммен емес, нақты дәлелмен көрсетіп береді. Бізге осындай медициналық орталықтар жетіспейді.

– Сары құрлықтың өзге елдерінде де ғылым алға басып кеткелі қашан. Бірақ Шығыс Азия елдерінің өкілдерін жүгіруде сондай мықты дей алмайсың...

– Қытай мен Жапония өз деңгейлерін ұстап тұр. Біржақты жауап берген дұрыс та емес шығар. Бәлкім, генетиканың әсері де болар.

– Сөзіңіздің жаны бар. Бізде спорттық медициналық орталықтар ғана емес, жеңіл атлетикаға арналған кешендер де жоқтың қасы. Бұл жайт балалар спортының дамуына кедергі келтіріп жатқан жоқ па?

– Өскеменде әлемдік талаптарға сай келетін манеж бар. Одан бөлек Қарағанды, Шымкентте де манеж қолданысқа берілген. Павлодар мен Атырау қалаларында да осындай кешендер салынады деп жатыр. Қуантарлығы, жеңіл атлетикадан үйірмелер тегін. Бұл – барлық балаға берілген тең мүмкіндік. Соның арқасында қазір «спорт падишасына» қызығушылар саны артып келеді. Енді білікті бапкерлер мәселесі шешілсе, еліміздің намысын абыроймен қорғайтын жастарымыз көбейетіні анық.

– Сіздердің жаттығуларыңыз қалай басталады?

– Таңертең қыздармен басымыз қосылғанда, біраз шүйіркелесіп аламыз (күліп). Кейде бапкерге: «аяғым не арқам ауырып тұр» деп еркелейміз. Ондайда ол: «ауырғаны жақсы, жұмыс істей алады деген сөз», – деп қысқа қайырады. Сосын арнайы жүгіру жаттығуларын жасаймыз. Біздің бапкердің ойындағысын оқып болмайды. Күнде бір жаңашылдық табады. Сондықтан залға «бізді бүгін не күтіп тұр екен?» деп кіреміз. Секіру, зілтемір көтеру, кедергілермен жүгіру де дайындық бағдарламасынан табылады.

– Айтпақшы, сіздің ата-аналарыңыз Германияға көшіпті. Қонаққа жиі барып тұрасыз ба?

– Қоныс аударғандарына екі жыл болды. Ұнап жатқан көрінеді. Анам да, әкем де демалыс уақытында келіп кеткен. Бұл жолы мен бардым. Біз жаттығу мен жарыстан босай бермейміз ғой. Жылына бір рет барып тұруға болады деп ойлаймын.

– Спорттан тыс уақытта немен айналысасыз?

– Әдетте үйдің шаруалары бар, тамақ істегенді жақсы көремін. Әсіресе пастаны бабына келтіріп тұрып дайындаймын (жымиып). Кешқұрым достарыммен кездескенді ұнатамын. Таңнан қара кешке дейін спортпен ғана өмір сіруге болмайды. Әдеби кітаптар оқимын. Мектеп қабырғасында химия пәнінен үздіктердің қатарынан едім. Бірақ ғылым жолын емес, жеңіл атлетиканы таңдадым.

– Яғни болашақта да спорттан алыс кетпейсіз ғой?

– Спортшы, әсіресе желаяқ үшін кеңседе тапжылмай отырғаннан асқан ауыр жұмыс жоқ. Өмірдің өзі қозғалыс. Ал сен тоғыз сағат бойы орныңнан қозғалмайсың. Мен мұндайға көне алмаспын. Сондықтан болашақта өзімді спортпен қатар туризимде де сынап көргім келеді. Алда не күтіп тұрғанын кім білсін. Бәлкім бапкер болуым да ықтимал. Бірақ оның алдында Олимпиадада топ жару міндеті тұр.

– Ендеше сол міндетіңізді Токиода орындауыңызға тілектеспін!

Мәдина АСЫЛБЕК

Тізімге қайта оралу