Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

7

Күн
Дунгань, Қытай

Өмірсерік Бекенов: Азия чемпионатында жүлдеге ілігуге тырысамын

20.04.2017

Бек Төлеуов  
235
Өмірсерік Бекенов: Азия чемпионатында жүлдеге ілігуге тырысамын Өмірсерік Бекенов

Соңғы жылдары жақсы нәтиже көрсетіп жүрген, 200 және 400 метрге жүгіретін спортшыларымыздың бірі Өмірсерік Бекеновпен сөйлескен едік. 2014 жылы 400 метрге жүгіру бойынша командалық эстфетадан Азия чемпионы атанған спортшы алдағы жоспарларымен бөлісті.

– Өмірсерік, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

–Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Жеңіл атлетикамен 14 жасымнан бері айналысып жүрмін. Алғашында Юрий Юхименко есімді бапкерден тәлім алдым. Қазір Азия ойындарының қола жүлдегері (2002 жылы) Светлана Бодрицкая бар білгенін үйретіп жүр.

– Қандай жетістіктеріңіз бар?

Осыдан 3 жыл бұрын яғни 2014 жылы Азия чемпионататында 400 метрге жүгіруден командалық эстафетада (4х400) чемпион атандым. Сол жылы маған «Халықаралық дәрежедегі спорт» шебері» атағы берілді.

– Бос уақытыңызда немен айналысасыз?

– Жарыстар мен жаттығудан қолымыз босаған кезде серуендеуге шығамын. Алматыда көрікті жерлер өте көп. Медеу, Шымбұлаққа барамын. Одан бөлек, достарыммен бірге кинотеатрға барып тұрамыз.

– Биылғы маусымға жоспарыңыз қандай?

– Биыл бірнеше жарыс бар. Әуелі 13-15 мамыр аралығында ҚР кубогы жолындағы бәсекеге қатысамын. Мамырдың соңында ел чемпионаты өтеді. Ал ең маңызды жарыс Азия чемпионаты. Алдымен іріктеу өтіп сосын жүлдеге ілігуді көздеп отырмын. Одан бөлек дүниежүзілік жазғы Универсиада ойындары бар.

– Жеңіл атлетикада қазақ жастарының аз. Мұның себебі неде ойлайсыз?

– Шынымен де жеңіл атлетикада қазақ жастары аз. Қазақстанда көбісі жеңіл атлетиканы біле бермейді. Дегенмен соңғы 4 жылда қарагөздердің саны артып келеді. Тұғырдың ең жоғары сатысынан көрінгендердің арасынан да жиі қазақтарды байқап жүрміз. Меніңше, қазақтың ұл-қыздарын жеңіл атлетикаға қызықтыру үшін насихат жұмыстарын жетілдіру керек.

– Қарагөздердің саны көбейуі үшін тағы қандай жұмыстар атқару қажет?

– Жеңіл атлетикаға арналған мектептер аз. Осы жағын ойластыру керек. Сондай-ақ инфарқұрылым мәселесі жақсарса, нәтиже де өздігінен келеді деп ойлаймын. Ол үшін стадиондар, жабық манеждер салынса. Олар халыққа қолжетімді яғни тегін болса, қазақ жастары өздігінен келері анық. Қазір барлығы жалға алу үшін ақы сұрайды. Көбісі ол ақшаны бере алмайды. Қалталары көтере бермейді.

– Спортшылар үшін тамақтану жағы аса маңызды. Атлеттерде белгілі бір тамақ түрлеріне шектеу бар ма?

– Спорттық форманы ұстап тұру үшін тамақтану жағы әрине маңызды. Белгілі бір тамақ түрлеріне шектеу жоқ. Мысалы, маған бапкерім майлы, ащы тамақтарды жемеуімді өтінеді. Бірақ кейде ол режимді бұзуға тура келеді (күлді). Қазақ болған соң, ет көрсем өзімді ұстай алмай қаламын. Жаттықтырушым қайнатылған, майсыз қуырылған тамақ іш деп айтып отырады.

– Светлана Бодрицкая бірге жұмыс істеген қалай екен?

– Севтлана Бодрицкая – кәсіби жаттықтырушы. Өз ісін жақсы біледі. Маған онымен жұмыс істеген ұнайды. Ол маған көп уақытын бөледі. Қазір Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына бапкерім келе алмады. Өйткені, оның жолына ақша бөлінбеді. Сондықтан қасымда жеке бапкерім болмағандықтан қиынға соқты. Екеуіміз интернет арқылы сөйлесіп тұрамыз. Оның маған алаңдап отыратынын байқаймын. Қалай жаттығып, қалай тамақтанып жатқанымызға дейін сұрап тұрады. Светлана мен үшін екінші анам секілді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тізімге қайта оралу