Өрт сөндіруші – Өмірғалиева

19.06.2017

121
Өрт сөндіруші – Өмірғалиева Өрт сөндіруші – Өмірғалиева

Алматыда өткен Қазақстан чемпионаты қалың жанкүйерлерге талай жаңа есімдерді ашты. Солардың бірі – Сыр өңірінің 22 жасар аруы Назерке Өмірғалиева. Рас, жеңіл атлеттердің өз арасында біршама танылып қалғанымен өзгелері аса біле бермейтін.

Ал ел біріншілігінде жастар арасында үздік үштіктен көрінгеннен кейін көпшілік Өмірғалиеваның өнеріне «Шишигинаның ізбасары, Зябкинаның болашақ бәсекелесі» деп баға беріп жатты. Сұхбат барысында оның арманы шынымен де асқақ екеніне көзіміз жетті.

– Назерке, қола жүлдең құтты болсын! Өзіңнің нәтижеңе көңілің толды ма?

– Көңілім толады. Бұйырғаны осы болып тұрған шығар. Келесі жарыста бұдан да жоғары көрсеткіштерге ұмтыламын. Мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Алда мақсаттарым өте көп. Соның барлығына жетемін.

– Жеңіл атлетикаға қалай келдің? Не үшін таңдадың? Осы жағын айтып берсең.

– Үшінші сыныпта оқып жүргенімде құрбыларымның жеңіл атлетикаға қатысып жүргендерін көріп қатты қызығатынмын. Бір күні мен де көрейінші деп жазылып қойдым. Содан бері спорттың өзі түріндемін. Менімен бірге бастаған қыздардың көбі қазір басқа салаларда жүр. Ал менің жүгіруді ермек етіп жүргеніме 13 жылдай болып қалыпты.

– Ал жеңіл атлетикадан бөлек, басқа спорт түрлерімен айналысып көрдің бе?

– Мен Қызылордада өрт сөндіруші болып жұмыс жасаймын. Өрт сөндірушілердің өз спорты бар. Ол да өзінше бір қызығы таусылмайтын бәсеке. Соған қатысамын.

– Жалпы, неліктен жеңіл атлетиканың спринт бағдарламасын таңдадың?

– Шамасы, кішкентайымда шапшаң, жылдам болсам керек, жаттықтырушылар да өздеріне келген балаларды іріктеп, қабілетіне қарай бөліп отырады ғой. Мені бірден спринтке баулыды. 100 метрден бөлек, 200 және 400 метрге де жүгіремін.

– Жеңіл атлетикада кімдерге еліктейсің?

– Ямайакалық әйгілі желаяқ Усейн Болттың жүгірісіне қызығамын, һәм сүйсінемін. Тіпті таңғаламын. Сол секілді болуды армандаймын. Мен де Олимпиада ойындары кезінде мәреге бірінші болып жетіп, лентаны жұлып өткім келеді.

– Ал өзіміздің атлеттерден ше?

– Қазақстан желаяқтарынан Ольга Шишигинадан басқа ешкім жоқ қой.

– Неге жоқ?

– Жүгіретіндерден айтып тұрмын. Ешкім жоқ қой.

– Ғұсман Қосанов, Әмин Тұяқовтар ше?

– Ааа, ол аңыздардың орындары бөлек қой.

– Назерке, жаттықтырушың кім?

– Тоғыз жасымнан бері жетелеп, бар қиындықтардан бірге өткен, еркелігімді көтеріп, дұрыс бағдар беріп келе жатқан жеке жаттықтырушым бар – Омаров Руслан Махмұтұлы. Сол кісіге алғысым мол. Әлі де менің шеберлігімді шыңдай түседі деп сенемін.

– Жалпы арманың не?

– Арманым көп. Спорттық тұрғыдан келер болсақ, Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова сынды әпкелеріміз секілді әлем және Олимпиада чемпионы болуды аңсаймын. Осы армандарыма жеткім келеді. Соңғы рет жүгіруден 2000 жылы Шишигина Олимпиада чемпионы болған. Келесі чемпион мен болсам деймін.

– Енді алда қандай жарыстарға дайындаласың?

– Келесі жарысым тек қыста. Өскемен қаласында жабық кешендегі Қазақстан чемпионаты өтеді. Соған дайындаламын. Қазіргі нәтижелерімді жақсартсам деймін.

– Назерке, жалпы Қызылорда жеңіл атлетикасының жағдайы жайлы айтып берсең...

– Негізі, қазір спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жаттығам деген адамға ешнәрсе кедергі бола алмайды. Тек тынбай еңбектену керек. Бірақ, өкінішке қарай, Қызылордада тәжірибелі желаяқтар аз. Көбі спортты тастап, басқа салаларға кетіп қалып жатады. Әсіресе жігіттер. Жеңіл атлетикада ақша аз болғандықтан ата-анасын асырау мақсатында басқа қызметке кетіп қалып жатқандар жетерлік. Дегенмен, шыдамдылық танытып, қиындыққа мойымаған спортшы болса, міндетті түрде жетістікке жетеді деп ойлаймын.

Тізімге қайта оралу