XXVIII Ғ.Қосанов Мемориалы» халықаралық жарысы

Есептегіш

11

Күн
Алматы

Павел Брода: Қазақстанда марафонға жүгіруден өз қатарластарымның арасында үздіктердің бірімін

24.12.2017

Бек Төлеуов  
179
  Павел Брода: Қазақстанда марафонға жүгіруден өз қатарластарымның арасында үздіктердің бірімін Сол жақтан бірінші - Павел Брода

Бүгін Астана қаласындағы триатлон саябағында «Astana Winter Marathon-2017» марафоны өтті. Жартылай марафон янғи 21 шақырымға жүгіргендердің арасында мәреге қостанайлық 55 жастағы Павел Брода бірінші болып жетті. Жарыстан кейін жеңімпазды әңгімеге тартқан едік.

– Мен «Astana Winter Marathon-2017» марафонына қатысу үшін Қостанай облысынан арнайы келіп отырмын. Өздеріңіз білесіздер, қысқы марафон Астанада алғаш рет өтіп отыр. Бұған дейін жылдың бұл мезгілінде жүгірген тәжірибем бар. Мысалы, Омбыдағы қысқы марафонға қатысқанмын. Сондықтан Астанада да жүгіріп көруге бел байладым.

– Сонда Астанада алғаш рет жүгіріп тұрсыз ба?

– Жоқ, биылдың өзінде елордада үш бірдей марафонда бағымды сынап көрдім. Алдымен «BI Марафонға» сосын ШЫҰ және Астана марафондарына қатысқаным бар. Сол үш марафонның үшеуінде де өз жасымдағылардың арасында үздік болдым.

– Марафонмен қашаннан бері айналысасыз?

– Марафонға жүгіріп жүргеніме 30 жылдан асты. Нәтижелерім жаман емес. Астана, Алматы қалаларында осындай марафондардың көбеюі қуантады. Әзірге Алматыға жолым түспей жүр. Астанадағы марафондардан қалмауға тырысамын. Осындай жарысқа келіп қатысқаныма шынымды айтсам қуаныштымын.

– Неліктен бүгін жартылай марафонға жүгірдіңіз?

– Жоғарыда айтқанымдай, жазда өткен үш марафонда да негізінен 42 шақырымға жүгіргенмін. Бұл жолы да толық марафонға қатысуды көздеп едім. Бірақ дайындағым жоғары деңгейде болмады. Оның үстіне қар да тоқтамай жауып тұр. Сондықтан қиындау.

– Қардың тоқтамай жауғаны жүгіргуге қаншалықты кедергі келтіреді?

–  Әрине, қиындық тудырады. Жүгірген кезде оппа қар кедергі келтіреді әрі аяқ тайғанайды.

– Бүгінгі нәтижеңізге көңіліңіз тола ма?

– 1 сағат 32 минутта жүгіріп өттім. Қысқы марафон үшін жақсы нәтиже деп ойлаймын. Ал жаздағы ең үздік көрсеткішім – 1 сағат 9 минут.

– Ал 42 шақырымды қанша сағатта жүгіріп жүрсіз?

– Бұрын мәреге 2:31 сағатта жететінмін. Бірақ биыл 2:49 сағатта жүгіріп өттім.

– Қазір қанша жастасыз?

– Менің жасым – 55-те. Қазақстан бойынша өз жасымдағылардың арасында үздіктердің бірімін.

– Бүгінгі марафонға танымал саясаткерлер, бизнесмендер қатысып жатыр. Бұл бұқаралық спортты насихаттауға өз септігін тигізеді деп ойлайсыз ба?

– Әлбетте. Ел алдында жүрген азаматтардың қатысуы өте керемет деп ойлаймын. Бізбен бірге жартылай марафонға «Қазақстанның даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев жүгірді. Осындай танымал тұлғалар өзгелерге үлгі бола алады. Сол кезде салауатты өмір салтын ұстанатын жастардың қатары көбейеді.

– Жалпы, қалай дайындаласыз? Күніне қанша шақырымға жүгіресіз?

– Күніне екі мезгіл жүгіруге тырысамын. Қыста таңертең 6-8 шақырым, кешке 10-15 шақырымға жүгіремін. Жазда одан көп.

– Әңгімеңізге рахмет!

Тізімге қайта оралу