Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

2

Күн
Дунгань, Қытай

Салтанат Түйтебаев: 70 жастан ассам да, күніне 25 шақырымға жүгіремін

31.05.2017

Бек Төлеуов  
218
Салтанат Түйтебаев: 70 жастан ассам да, күніне 25 шақырымға жүгіремін

Жаңа Зеландияның Окленд қаласында өткен тоғызыншы бүкіләлемдік ардагерлер ойынынан жүлделі оралған танымал қарт марафоншы Салтанат Түйтебаевты Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы  Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағына ұсынып отыр. Жақында 70 жастан асса да, жүгіруді тастамаған ақсақалмен аз-кем сұхбат құрудың сәті түскен еді.

– Салтанат ата, әңгімені алдымен Жаңа Зеландиядағы жарыстан бастасақ?

– Жаңа Зеландияның ірі қалаларының бірі Оклендте ардагерлер арасындағы Олимпиада ойындары өтті. Бұл дода жазғы Олимпиада ойындары аяқталған соң, бір жылдан кейін төрт жылда бір рет өткізіліп отырады. Осымен тоғызыншы мәрте ұйымдастырылды. Ең алғаш 1985 жылы Канаданың Торонто қаласынан бастау алған екен. Бұл жолы Жаңа Зеландияға әлемнің 100-ден астам елінен 28 000 спортшы келіп қатысты. 10 күннің ішінде ардагерлер спорттың 28 түрінен сайысқа түсті. Біздің елден барғандардың саны аз болды. Жеңіл атлетикадан жалғыз өзім болғандықтан маған 2-3 дициплина бойынша қатысу жүктелген еді. Алдымен 10 шақырымға жүгіру кезінде күміс медаль еншіледім. Бас жүлде аустралиялық қарияның еншісінде кетті. Одан кейін жартылай марафон яғни 21 шақырымға жүгіру кезінде чемпион болдым. Бұл қашықтықты 1 сағат 42 минут 14 секундта бағындырдым. Бұдан соң жарысты әріқарай жалғастыруға стимул болмады. Бір алтын, бір күміс медальды қанағат тұтып, елге оралдым. Осыған дейін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері атағына қол жеткізе алмай жүрген едім. Оклендте чемпион атанып, бұл нормативті орындап шықтым.

– Енді өзіңіз туралы айтып өтсеңіз?

–1945 жылы Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында дүниеге келгенмін. Бала кезімнен спортпен айналыстым. Бірақ кәсіби спортшы болған жоқпын. Мектеп бітірген соң Алматыдағы Киров атындағы қазақ мемлекеттік (қазіргі – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) университетінің физика-математика факультетіне оқуға түстім. Сол кезде 28 панфиловшы саябағының маңындағы парашютпен секіретіндердің спортына қатыстым. Кейіннен денсаулығым жақсы болғандықтан әрі парашютпен секірумен айналысқандықтан әуе-десант әскеріне жіберді. Отан алдындағы борышымды Совет одағы кезінде Литваның Каунас деген қаласында өтедім. Сол кезде әуеден парашаютпен 112 рет секіргенмін. Спорт шебері атандым. Одан кейін мектеп, училище директоры болдым. Кәсіподақты басқардым. Қандай қызмет істесем де, спортты тастаған жоқпын.

– Ал кәсіби түрде халықаралық марафондарға қашаннан бері қатысып жүрсіз?

– Осыдан екі жыл бұрын інім Серіктің қолдауымен Алматыдағы марафонда жүгірдім. Негізі оған дейін ресми түрде жарыстарға қатыспасам да, күнделікті 10-15 шақырымға жүгіріп жүретінмін. Оңтүстік Астанамызда өткен марафондағы көрсеткішім мәз емес болды. Бастысы мәреге жеттім. Сосын жаз бойы дайындықты күшейттім. «Эйр Астана» компаниясы ұйымдастырған Астанадағы марафонда 42 шақырым 195 метрді 3 сағат 47 минут 15 секундта бағындырдым. Тексеріп көріп едік, Азиядағы 2015 жылдың үздік нәтижесі екен. Осыдан соң, шабытым ашылып, Сингапурдегі халықаралық марафонға қатыстым. Ол жерде көрсеткішімді жақсартып, аталған қашықтықты 3 сағат 27 минутта кесіп өтіп, жеңіске жеттім. Мұнымен тоқтап қалмадым. Сингапурден соң, Дубайға, Антальяға бардым. Аталған жарыстардың барлығынан бірінші орынмен оралып жүрдім. Бұл жетістіктерімді байқап жүрген Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Аустралиядағы әлем чемпионатына қатысу туралы ұсыныс жасады.

– Жасыл құрлықтан да құралақан қайтпағаныңызды білеміз?

– Әлем чемпионаты Аустралияның Перт деген қаласында өтті. Екі жылда бір рет ұйымдастырылып тұрады. 70 жастан асқандардың арасында әлемнің екі дүркін чемпионы бразилиялық Габриэль Гарсияны алға жіберіп, екінші орынға иелік еттім. Бразилиялық марафоншы үшінші мәрте өзінің теңдесіз екенін дәлелдеді.

– Жақсы жүгіру үшін дұрыс тамақтануда маңызды емес емес пе?

– Күніне міндетті түрде үш рет тамақтану қажет. Бірақ тағам талғаудың қажеті жоқ. Бірде Ресейге марафонға барғанда танысымның үйіне соқтым. Қабырғаға күнделікті астың құрамында қанша ет, қанша көкөніс болуы керек соның бәрін жазып қойыпты. Жүгіргенде бәрібір менен қалып қоясың, мұның не керегі бар деп айттым.

– Күнделікті дайындығыңыз туралы айтып кетсеңіз?

– Аптасына бес рет 25 шақырымға жүгіремін. Астананың ауа-райын жақсы білесіңдер. Қыстағы аязда тастаған жоқпын. Әйтпесе жоғары жетістікке жету мүмкін емес.

Айта кетейік, Салтанат атаның балалары мен немерелері де спортқа жақын екен. Қызы шахматтан халықаралық дәрежедегі спорт шебері атанса, жиені Астана қаласының қыздар арасындағы футбол құрамасының белді мүшесі екен.

Тізімге қайта оралу