Жазғы Азия ойындары 2018

Есептегіш

15

Күн
Джакарта, Индонезия

Сергей Григорьев: Өскеменде техникалық жаттығуларды бастайтын боламыз

08.12.2017

Бек Төлеуов  
192
Сергей Григорьев: Өскеменде техникалық жаттығуларды бастайтын боламыз

7 желтоқсан күні Астанада ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Олардың арасында сырықпен секіруші Сергей Григорьев те бар. Салтанатты іс-шарадан соң, спортшымен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

– Еліміздің жеңіл атлеттері 2017 жылды қорытындылап, жаңа маусымға дайындықты бастап кетті. Сіз үшін өтіп бара жатқан қай жағынан есте қалды?

– Биылғы маусым жаман болған жоқ. Жарақат және жеке рекордымды жаңартумен есте қалды.

– Осы жылы екі бірдей жарыста жанкүйерлердің сенімін ақтадыңыз. Алдымен Тайпэйдегі Универсиаданың күмісін сосын Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының бас жүлдесін жеңіп алдыңыз. Осы екі медальдың қайсысы өзіңізге ыстық?

– Мен үшін бірінші кезекте жеке рекордымды жаңарту болды. Мамыр айында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өткен халықаралық жарыста 5,65 метрге секірдім. Соның арқасында халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің нормативін орындадым. Сөйтіп, маусымды жақсы бастаған болатынмын. Бірақ әріқарай жарақат алып, соны емдеумен көп уақытым кетіп қалды. Кейіннен Универсиада ойындарына дайындалдым. Ол жақта 5,50 метрге секіріп, екінші орынға қол жеткіздім. Ал Ашхабадта негізі бұдан да жақсы өнер көрсетемін деп ойлағанмын...

– Ашхабадта жарыс кезінде жарақат алғаныңызды білеміз.

– Жеке өзімнің техникалық қателігімнің салдарынан. Бапкерлер мен ұйымдастырушылардың арқасында бірден жергілікті ауруханаға жеттім. Сол жерде толық тексерістен өтіп, барлық ем-домды қабылдадым.

– Жарақаттан кейін қайта қалыпқа келу жағы қалай болып жатыр?

– Барлығы бірте-бірте қалыпқа келіп жатыр. ЕДТ (емдік дене тәрбиесі), физиотерапия секілді процедуралар аяқталған. Бірақ әлі жаттығу жұмыстарына толық кірісіп кеткенім жоқ. Аздап кросс жүгіремін, жалпы физикалық дайындықтарды жасаймын. Енді Өскеменде оқу-жаттығу жиындары өтеді. Сол жерде техникалық жаттығуларға кірісетін боламыз.

– Келесі маусымдағы басты жарыс Индонезияда өтетін жазғы Азия ойындары. Төрт жылда бір ұйымдастырылатын бұл додаға дайындық қалай болмақ?

– Жакартадағы Азия ойындарына тыңғылықты дайындалып, қолдан келгенді аянып қалмаймын. Ел сенімін ақтап, Қазақстан қоржынына жүлде салсам деп ойлаймын.

– Азия аймағындағы басты бәсекелесіңіз деп кімдерді атайсыз?

– Қазір Қытай спортшылары жақсы өнер көрсетіп жүр. Сондай-ақ Корея, Жапония атлеттері де бәсекелес бола алады. Жалпы, Азия құрлығында бұл спорт түрі дамып келеді. Қазақстанда Никита Филипповты айта аламын.

– Ұлттық құраманың бас бапкері Григорий Егоров кезінде сырықпен секіруден Олимпиада, әлем чемпионатының жүлдесін еншілеген атлет. Ол кісімен кеңесіп тұрасыз ба?

– Әрине, кеңесіп, ақылдасып тұрамыз. Ашхабадта жарақат алған кезде де көмегін аянып қалған жоқ.

– Сергей, неліктен жеңіл атлетиканың дәл осы түрін таңдағаңызды айта кетсеңіз?

– Өзім Алматы қаласында дүниеге келгенмін. Екінші сыныпта оқып жүргенде әкем акробатика секциясына алып барды. Ал 14 жасымда тағы да әкемнің шешімімен жеңіл атлетикамен айналысатын болдым. Менің сырықпен секіруге қабілетім бар екенін айтып, Александр Исаченконың қарамағына берді. 2008 жылдан бері өте білікті маман Сергей Кулибабадан тәлім алып жүрмін.


Тізімге қайта оралу