Татьяна Назарова: Гифудегі Азия чемпионатының ұйымдастыру деңгейі әлем чемпионатынан да жоғары болды

14.06.2018

Бек Төлеуов  
110
Татьяна Назарова: Гифудегі Азия чемпионатының ұйымдастыру деңгейі әлем чемпионатынан да жоғары болды

Жеңіл атлетикадан 20 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасы Жапонияның Гифу қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қатысып қайтты.

Еліміздің намысын Күншығыс елінде 20 атлет қорғады. Оларды ұлттық құраманың резервтерді даярлау бойынша аға жаттықтырушысы Татьяна Назарова бастап барды. Жарыстан кейін танымал бапкермен телефон арқылы сөйлестік. 

– Алдымен, Жапонияда өткен Азия чемпионатына баға бере кетсеңіз?

– Біз алғаш рет жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына толық құрамда қатыстық. Жапонияда 20 спортшымыз бақ сынады. Оның ішінде үшеуі жүлеге ілікті. Қыз-жігіттердің көрсеткен нәтижесіне көңілім толады.

 – Жалпы, чемпионаттың ұйымдастыруы қандай деңгейде болды? 

  – Азия чемпионаты жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастыруына сөз жоқ. Тіпті, әлем чемпионатынан артық болды десек артық айтқаным емес шығар. Соңғы жылдары жеңіл атлетикадан мұндай жоғары деңгейдегі халықаралық жарысты көрмеген едім.

– Жүлдеге іліккендердің біреуі – 110 метрге тосқауылдармен жүгіретін Давид Ефремов. Ұлттық құраманың бас бапкері Григорий Егоров бұл спортшының потенциалын жоғары бағалап отыр.

– Давид, 19 жаста. Қарағанды облысының спортшысы. Іріктеу де, финалда да жақсы нәтиже көрсетті. Ол былтыр тек спринтерлік жүгірудің жарыстарына қатысса, биыл тосқауылдар арқылы жүгіруге басымдық беріп отыр. Финляндияда өтетін әлем чемпионатының нормативін орындады.

– Өзге екеуі туралы айтасыз?
– Анастасия Ермакова жас болса да тәжірибелі спортшы. Биыл қыста Иран астанасы Тегеранда өткен жабық кешендегі Азия чемпионатының жеңімпазы. Тәжірибесінің арқасында Гифуде күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Диана Гейнц бәрімізді риза қалды. Жетісайыстан қатысып, оның алтауында өзінің жеке рекордын жаңартты. Сөйтіп, қола жүлдеге ие болды. 

– Биыл Аргентинада жасөспірімдер арасында Олимпиада ойындары өтеді. Кімнен жүлде күтуге болады?
– Дәл қазір ондай әлемдік додада оза шабатын нақты ешкім жоқ. Дегенмен норматив орындағандардың ешқайсысы да аянып қалмайды деп ойлаймын.

Тізімге қайта оралу