Виктория Зябкина: Бразилия Гран-приінде жақсы нәтиже көрсеткім келеді

02.06.2017

Бек Төлеуов  
141
Виктория Зябкина: Бразилия Гран-приінде жақсы нәтиже көрсеткім келеді Виктория Зябкина (№45). Фото Эдуарда Гавриша

Бүкіләлемдік Универсиада ойындарының үш дүркін чемпионы Виктория Зябкина 3 маусым күні Бразилияның Сан-Бернардо-ду-Кампо қаласында өтетін Гран-приге қатысады. Аталған жарыс Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының IAAF World Challenge Meetings санатындағы турнирінің қатарына кіреді. Жақында осы додаға кетіп бара жатқан спортшымен кездесіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Виктория, Бразилиядағы Гран-приде алдына қандай мақсат қойып отырсың?

– Жақсы нәтиже көрсету. IAAF World Challenge Meetings – «Гаухар лигадан» кейінгі жеңіл атлетикадағы ірі додалардың бірі. Әрбір кезеңінде ерлер мен әйелдер арасында 15-16 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Бұл жүлделер үшін жеңіл атлетиканың әлемдік көшбасшылары сайысқа түседі.

– Естуімізше, сіз тек 200 метрге жүгіресіз?

– Дәл солай.

– Бұл қашықтықта кімдердің жүгіретіні туралы ақпарат бар ма?

– Әзірге жоқ. Барлығы сол жарыс алдында белгілі болады.

–Рио Олимпиадасынан бөлек, бұрын Бразилияда қандай да бір жарысқа қатысып көрдіңіз бе?

– Бұл мемлекетте тек өткен жылы Олимпиада ойындары кезінде болдым. Енді осы жолы жаңа тәжірибе жинақтаймын деп ойлаймын. Ол болашақта өз пайдасына тигізеді деп үміттенемін.

– IAAF World Challenge Meetings алда тағы жеті кезеңін өткізуді жоспарлап отыр. Соның барлығына қатысасыз ба?

– Жоқ. Бізде уақыт тығыз. Алдағы күндері бірнеше жарыстар бар. Бразилиядан келген соң, Қазақстан чемпионатына, дәстүрлі Ғұсман Қосанов мемориалына және Үндістанда өтетін Азия чемпионатына қатысамын. Одан кейін Лондонда өтетін әлем чемпионаты мен Тайбэйдегі бүкіләлемдік жазғы Универсиада ойындарында бақ сынасам деп отырмын. Осы додаларға дайындалатын боламын.

– Сіз 200 метрге жүгіру бойынша әлем чемпионатының нормативін орындап үлгердіңіз. Ал 4х100 бойынша командалық эстафетадағы қыздар құрамасы жолдама алуға қаншалықты қауқарлы?

– Ұлыбритания астанасына 16 құрама ғана баруы керек. Оның сегізі Нассауда өткен командалық эстафета бойынша әлем чемпионатында анықталып қойған. Қалған орындарға бәсекелестік өте жоғары. Әзірге алдағы жарыстарда қандай құрамда жүгіретініміз белгісіз. Бразилиядан оралған соң, бапкеріміз барлығын айтады. Әрине әлем чемпионатына командалық эстафетадан да қатысқым келеді.

Тізімге қайта оралу