Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Владислав ПРЯМОВ – Астанаға әлемнің ең мықты марафоншылары келуге дайын

29.08.2017

Әзиз ЖҰМАДІЛ  
120
Владислав ПРЯМОВ – Астанаға әлемнің ең мықты марафоншылары келуге дайын

Астанада өткен ШЫҰ марафонына қатысқан беларус Владислав Прямовтың мәрттігі, азаматтығы мен адамгершілігі таңғалдырды. Бас жүлдеге тігілген 13 мың долларды ұтып алуға мүмкіндігі бола тұра мәреге жақындағанда қасындағы бәсекелесінің қолын көтеріп, лентаны бірге қиды.

«Мәссаған, ана қара, бере салды» деп аһ ұрдығ мәренің жанында қаумалаған жанкүйер. Нәтижесінде, жеңімпаз фотофиниш арқылы анықталып, шынымен де бірінші орынды Өзбекстаннан келген Андрей Петров иеленіп кетті. Марапаттау рәсімінен кейін Прямовтың қасына жақындап, бас жүлдені неге қарсыласына қия салғанының себебін сұраған едік.

– Еш өкінбеймін, марафонда бірінші орын ба, екінші орын ба, бәрібір. Ең бастысы, 42 шақырымды аман-есен жүгіріп келу. Біз сөреден бастап Андрей екеуміз бірге жүгірдік. Бірде ол, бірде мен алға шығып, бір-бірімізді демеп отырдық. Сондықтан, мәреге жақындағанда оны «лақтырып» кеткенім адамшылық болмас еді. Бір-біріміздің қолымызды көтеріп, лентаны бірге қиып өтуді жөн көрдік, – деп бастады "күміс жүлдегер".

– Бас жүлдеге тігілген 13 мың доллардан қағылғаныңызға өкінбейсіз бе?

– ...

– Марафонның басты фавориті ретінде кениялық Тувей Тайтус саналған еді. Ол сіздерден қалай қалып қойып жүр?

– Ол жарысты мықты бастады. Марафонның алдында Тувейдің 42 км 195 метр қашықтықты бұрын 2 сағат 7 минуттың ішінде жүгіріп өткенін естіп, біз де басты фаворит сол шығар деп ойлағанбыз. Әу бастағы мақсатымыз – соның артынан ілесіп, көрсеткішімізді жақсарту ғана болған. Бірақ, өзі көп сөйлемейді екен. Тұйық. Ағылшынша да әзер түсінеді. Кейде өз тілінде бірнәрсе деп қалады. Не дегенін ұқпайсың. Жарысты жақсы қарқынмен бастады. Андрей және қырғызстандық Илья Тяпник үшеуміз артынан ілесіп жүре бердік. Бізден 150 метрге Қазақстанның атлеті Андрей Лейменов қалып келе жатты. Өзге қуғыншыларды көзіміз шалмады. Кенет 30-шы шақырымнан асқанда Тувей бізге қолымен көрсетіп, «алға шығыңдар» дегендей ишара жасады. Неліктен өйткенін түсіне алар емеспіз. Бәлкім, өзін нашар сезінді ме деп ойладық. Сұрасақ жауап бермейді. Амал жоқ, алға оздық. Ол біраз қалып қойды. 35-ші шақырымнан өткенде қырғыз да жылдамдығын бәсеңдетті. Көш басында Андрей екеуміз ғана қалдық. Бір-бірімізді сүйемелдеп, «шыда, жаным, шыда» деп, ақыры мәреге бірге жеттік. Сондықтан, өзі де айтты ғой, бұл екеуміздің ортақ жеңісіміз. 42 шақырым, яғни 2 сағаттың ішінде біз жай ғана дос емес, бауыр сияқты болып кеттік.

– Бұған дейін бұрын Андрей Петров екеуіңіз бірге марафонға қатысқан ба едіңіздер?

– Бұл екеуміздің бірге қатысқан екінші марафонымыз. Бірінші рет Рио де-Жанейро Олимпиадасында бірге жүгіргенбіз. Ол кезде Қазақстан атынан Бразилияға Михаил Красиловтың барғаны есімде. Сол кезде танысқанымыз ғана болмаса, жақын араласпаған едік. ШЫҰ марафоны екеумізді дос қылды.

– Жалпы, марафон трассасы қалай екен?

– Маған өте ұнады. Жол тегіс, бір кедір-бұдыры жоқ көшелер. Ауа-райы да басында бізге біраз болысты. Аспан бұлтты болып, марафонның алғашқы жартысын еш қиналмай еңсердік. Дегенмен, соңына қарай күн ысып кетті де, жүгіру қиындады. Андрей екеуміз бір-бірімізге дем беріп, бәріне шыдадық. 37 шақырымға жеткенде екеуміздің қолымыз соғысып қалды да, сағатым үзіліп қалды. Тоқтауға мұрша жоқ. Уақыт жоғалтқымыз келмейді. «Андрей, сағатым түсіп қалды. Кете бер, артыңнан қуып жетемін» десем, «Тоқтама, мен саған уақытты айтып отырамын. 2 сағат 20 минутқа үлгерейік» деп жатыр. Сөйтіп, соңына таман ол жылдамдығын бәсеңдеткенде мен оны тастап кеткім келмеді.

 

– Ал Астананың әсемдігі жайлы не айтасыз.  

– Керемет қала. Көз сүйсінтеді. Бұған дейін Астананы тек теледидар мен интернеттен ғана көретінмін. Әсіресе, «Бәйтеректеріңіз» жайлы көп еститінмін. Көзбен соны іздедім. Бара жатқанда жан-жағыма қарауға уақыт мұрша болған жоқ. Қайтарда «Бәйтеректің» басын көріп қалдым. Шынымен де әдемі екен. Жобалауымша, біз жаңа қаланың да, ескі қаланың да көшелерімен жүгіріп өттік-ау. Бірақ маған Астана толықтай ұнады.

– Қалай ойлайсыз, Астана марафоннан әлем чемпионатын өткізуге бола ма?

– Бұл туралы сұрамасаңыз да айтайын деп жатқанмын. Астана әлем чемпионаты сынды үлкен марафондарды қабылдауға әбден дайын. Трасса тегіс, әрі кең, ауа-райы да жайлы. Сондықтан, мұнда кез-келген рекордтар жасауға болады. Соған байланысты әлемнің ең мықты марафоншылары да Астанаға келуге қуана келіседі деп ойлаймын.

Тізімге қайта оралу