Юлия Рахманова: Спорт – өмірімнің бір бөлшегіне айналған

19.05.2017

Бек Төлеуов  
130
Юлия Рахманова: Спорт – өмірімнің бір бөлшегіне айналған Юлия Рахманова

Алматыда өткен Қазақстан кубогында қыздар арасында 200 метрге жүгірген Юлия Рахманова күміс медаль еншіледі. Спортшы үш дүркін Универсиада чемпионы Виктория Зябкинаға есе жіберіп қойды. Жарыстан кейін спортшымен аз-кем әңгімелескен едік.

– Юлия Қазақстан кубогында көрсеткен өнеріне көңілің тола ма?

– 200 метрге жүгіруден екінші орын алдым. Бұл жолы аталған қашықтықты 23.51 секундта жүгіріп өттім. Менің жеке рекордым өткен жылы тіркелген. Ол кезде 23.23 секунд жүгірген болатынмын. Негізі бұдан да жақсы нәтиже көрсетуге болар еді. Сондықтан көңілім толады деп айта алмаймын.

– Қашан спорттық бабыма енемін деп ойлайсыз?

– Биыл маусым ерте басталды. Сәуір айында Антальяда дайындық жүргізіп, әріқарай Азия Гран-приіне қатыстық. Жайлап спорттық бабыма еніп келемін.

– Оқырмандарға өзіңізді толығырақ таныстырып өтсеңіз?

– Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында дүниеге келдім. Бірақ мен қазір Алматы қаласында тұрамын. Жеңіл атлетикамен өте ерте достастым. Бала кезімнен айналысып жүрмін. Ата-анамның меңі жеңіл атлетикаға беру туралы жоспары бола қоймаған. Барлығы мектептегі денешынықтыру сабағынан басталды. Алдымен мектепішілік жарыста, сосын аудан, облыс біріншілігінде жеңіске жеттім. Осыдан кейін мені қаладағы спорт мектебіне кәсіби түрде айналысуға шақырды.

– Кәсіби спортшы болуыңызға қай бапкерлер үлес қосты?

– Мен Алматы қаласындағы республикалық спорт-интернатта оқыдым. Ол жерде Юрий Швецов пен Юрий Юхименко секілді білікті мамандардан тәлім алдым. Қазір Любовь Никитенконың қарамағында жаттығып жүрмін. Өзі де кезінде керемет спортшы болған.

– Қандай жоспарларыңыз бар?

– Жоспар өте көп. Спорттық карьерамда болсын, жеке өмірімде болсын жоспар жетерлік. Бұрын болашағымды елестетіп, армандап отыратынмын. Ал қазір олай емес. Алдыға қойған мақсатыма жетуге тырысамын. Ең бастысы спорттық көрсеткіштерімді жақсарту.

– Жеңіл атлетикадан бөлек,  басқа қай салаға бейіміңіз бар?

– Бір кездері циркте ат құлағында ойнап көргенмін. Бірақ бізде уақыт тығыз. Оның үстіне жарақат алып қалмау өте маңызды. Қазір бар ойым спортта. Жан-тәніммен спортқа беріліп, белгілі бір жетістікке жетуді көздеймін. Арасында өзіме қызықты деген курстарға барып тұрамын.

– Қолыңыз спорттан қалт еткенде қайда барасыз?

– Ата-анам Қаскелең қаласында тұрады. Сондықтан қолым қалт ете қалса, үйге барамын. Демалыс уақытын ата-анаммен бірге өткізгенді құп көремін.

– Жақын арада қандай жарыстарға қатысасыз?

– Азия чемпионаты, Бүкіләлемдік Универсиада, жабық кешендегі Азия чемпионаты секілді жарыстар бар. Сол додаларда еліміздің көк туын желбіреткім келеді. Сондай-ақ биыл әлем чемпионаты Ұлыбритания астанасы Лондон қаласында өтеді.

– Қандай жетістіктеріңіз бар?

– Осыдан екі жыл бұрын Бүкіләлемдік Универсиада ойындарында командалық эстафетада чемпион атанғанбыз. Сол кездерін АҚШ қыздарын ұттық. Одан бөлек Азия чемпионатынан үшінші орын бұйырды. Бірақ Уханда біз 4х400 бойынша жүгірдік. Ханджоудағы жабық кешендегі Азия чемпионатында 400 метрге жүгіру бойынша жекелей сында күміс еншіледім. Ал командалық сайыста жеңісті ешкімге бермедік.

– Жақында Азия Гран-приіне қатысып, командалық эстафетадан үш алтын еншіледіңіздер. Аспанасты елінің асханасына бой үйрету қиын болған шығар?

– Халықаралық жарыс өткен кездері ұйымдастырушы ел әдетте еуропалық тағамдарды дайындайды. Ал қытай асханасының тағамдары көбінесе ащы келеді. Негізі салаттары удай ащы болғанымен, тағамдарын жеуге болады екен. Бірінші кезеңде арабтар ескерту жасап, сондықтан тек шаян ғана беріп жүрді.Күнделікті тағамымыз шаян мен күріш. Біз спортшы болғандықтан оңдайдың бәріне дайын болуымыз керек.

– Спортта жүргеңізге де бірталай жыл. Арасында шаршап, жалығатын сәттер бола ма?

– Спортта жүргеніме 17 жыл болды. Спорт – өмірімнің бір бөлшегіне айналған. Маусым аяқталған соң, бір ай демалыс береді. Алайда екі аптадан кейін жүгіргің келіп тұрады. Әбден әдет болып кеткен. Мен – өзім таңдаған саланы жақсы көремін. Сондықтан ешқашан жеңіл атлетикадан шаршаған да, жалыққан да емеспін. Бізбен бірге Любовь Никитенко секілді білікті бапкер жұмыс істейді. Шәкірттерінің бәрі ол кісіні екінші анасындай жақсы көреді. Менде ол кісіні шамалы көрмесем сағынып тұрамын.

– Юлия сізге жекелей сайысқа түсу мен командалық эстафетасының қайсы ұнайды?

– Маған екеуі де ұнайды. Бұл жерде алатын әсерің екі басқа. Дайындық пен құлшыныста өзгеше. Командалық эстафетада өзіңді ғана емес, әріптестерің үшінде алаңдап жанкүйерлік танытасың.

– Қазір 100, 200 метрге жүгіруде Виктория Зябкина елімізде үздік болып тұр. Сіздің де басты бәсекелесіңіз...

– Вика – қарсылас ғана емес, әріптесіміз. Ол бізден деңгейі әлдеқайда жоғары. Оны мойындаймын. Дегенмен бізде қалыспауға тырысамыз. Жалпы Зябкинаны қарсылас емес, әріптес көремін. Старттың алдында бір-бірімізбен сөйлесіп, әзілдесеміз. Біздің командада жалпы жақсы атмосфера қалыптасқан. 

Тізімге қайта оралу