800 метрге жүгіретін қыздардың бәсекелестігі арта түспек
Бек Төлеуов  
253

800 метрге жүгіретін қыздардың бәсекелестігі арта түспек

Қазақстанда 2017 жылғы маусымда қыздар арасында 800 метрге жүгіретіндердің қарқыны қатты бола қоймады. Ал енді келесі жылы бізді жоғары бәсекелестік күтіп тұрған секілді.

Олай деуімізге себеп те жоқ емес. Екі дүкін Азия ойындарының жеңімпазы Маргарита Мұқашева жүктілігіне байланысты уақытша спорттық карьерасын тоқтатқан болатын. Солтүстік Қазақстан облысының тумасы сәбиін дүниеге әкелген соң, жақында қайтадан жаттығуды бастап кетті.


– Жаттығу процесіне сәбиімді дүниеге әкелген соң, 1,5 айдан кейін кірісіп кеттім. Алғашқы жаттығуым 17 қазанда басталды. Содан бері 2 ай уақыт өтті. Әзірге аздаған кросс жүгіріп, арнайы жаттығулар жасап жүрмін. Жаттығу процесін біртеңдеп қиындатып жатырмын. Қандай прогресс бар екенін айтуға әлі ерте. Спортқа қайта оралу да оңай емес. Бапкерім мен жақындарымның арқасында үлкен спорт қайта келдім. Ең қиыны баланы үйге тастап, жаттығу залына бару болып тұр. Бірақ оған да үйреніп қалдық. Сырттағы оқу-жаттығу жиындарына көктемде қатысамын. Ең басты жарыс – Джакартада өтетін жазғы Азия ойындары, – дейді Маргарита Мұқашева.

Маргарита секілді тағы бір тәжірибелі атлет бар – ол Мерджен Ишангулиева.  Алматы қаласының намысының қорғап жүрген спортшы бұған дейін 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіріп жүрген. Енді келесі маусымнан бастап, 800 метрге ауыспақшы.

Сондай-ақ тағы бізді қуантатыны жоғарыда атап өткен тәжірибелі спортшылардан бөлек, жастардың да шығуы. Олардың арасында Қарағанды облысының тумасы Варвара Лисичкинаны ерекше айта кетсе болады. Варвара биыл 21 жасқа толды. Ересектер арасындағы жарыстарға енді қосылған. Соған қарамастан қысқы маусымда бірнеше рекордтарды жаңартты. Кейіннен 14 мамырда мамандардың көпшілігін таңқалдырып, Алматыдағы Қазақстан кубогын жеңіп алды.


Бірақ осыдан кейін спортшы күтпеген жерден АҚШ еліне оқуға аттанып кетті. Оның себебін спортшы былай түсіндірді:

– Жазғы маусымда тек Қазақстан кубогына қатыстым және сәтті болды. Мен үшін шет елге оқуға кету туралы шешім оңайға соққан жоқ. Ұзақ ойланып, мүмкіндікті құр жібергім келмеді. Бұл жоспар мектеп кезінде пайда болған еді. Әрине, спорт мен үшін бірінші орында, бірақ басқа салада да өзінді байқап көрген дұрыс деп ойлаймын. АҚШ-тан жақсы тәжірибе жинақтап келдім. Қыркүйекте елге оралғанмын, содан бері жаттығуға қайта кірістім. Жеке бапкерім Александр Слатининмен бірге Ыстықкөлде оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Биылғы маусым қаңтар айында басталады. Жақсы нәтиже көрсетсем деген үмітім бар, – дейді Варвара Лисичкина.

Одан бөлек мамандардың назарын аударып жүрген жас атлеттердің бірі – Виктория Рыжикова. Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы биылғы жылы 1500 метрге жүгіруден Қазақстан чемпионы атанса, 800 метрге жүгіруден екінші орын алды.

Жалпы алғанда 800 метрге жүгіретіндер арасында бәсекелестіктің күшейетіні бізді қуантады. Келесі маусымда халықаралық додаларда қыздар ел сенімін ақтайды деп үміттенеміз. 

Тізімге қайта оралу