Тегерандағы Азия чемпионатына дайындық
261

Тегерандағы Азия чемпионатына дайындық

Бұл күндері жеңіл атлетикадан Қазақстан құрамасы Түркияның Белек қаласында оқу-жаттығу жиындарын өткізіп отыр.

Григорий Егоров бастаған Қазақстан құрамасы жазғы маусым аяқталған соң, спортшыларға аздаған демалыс берді. Сосын 9-26 қазан аралығында дәл осы Белекте ағзаны қалыпқа келтіруге арналған жаттығу жиындарын өткізіп келді. Бұл жолғы дайындықтың жөні бөлек. Ақпан айын Иран астанасы Тегеранда жабық кешендегі Азия чемпионаты өтеді. Одан кейін наурызда Бирмингемде әлем чемпионаты бар. Сондықтан қыстың қамын жаз ойла дегендей қазірден спортшылардың дайындығын пысықтап жатыр.

Түркиядағы ОЖЖ-ға 25 атлет шақырылған (9 ер, 16 әйел). Олардың барлығы негізінен жеңіл атлетиканың жабық кешендегі сайыстарына бейімделген. Азия және әлем чемпионатында ерлер мен әйелдер арасында 26 медаль жиынтығы сарапқа салынады:60, 400, 800, 1500 и 3000 метрге жүгіру, 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру, 4х400 метрлік эстафета, биіктікке, ұзындыққа, үш қарғып және сырықпен секіру, ядро серпу, көп сайыс (ерлерде жеті, әйелдер бес).

Азия мен әлем чемпионатының алдында елімізде бірнеше сайыс өтеді. Алдымен Қазақстан кубогы (10-11 қаңтар), Қазақстан чемпионаты (15-16 қаңтар) және Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған халықаралық турнир. Азия чемпионаты 1-3 ақпанға жоспарланған.

Белектегі жаттығу жиындары 23 қарашаға дейін жалғасады. Қазақстан құрамасымен бірге Эстония және Украина жеңіл атлеттері де сонда жаттығып жатыр екен. 

Тізімге қайта оралу