Атыраудағы марафонға 2000-нан астам жүгіруші қатысты

06.05.2017

Бек Төлеуов  
138
Атыраудағы марафонға 2000-нан астам жүгіруші қатысты Атырау Марафоны

Мұнайлы қала Атырауда алғаш рет жалпыхалықтық «Atyrau Marathon 2017» марафоны өтті. Бұл шараны отблыстық жеңіл атлетика федерациясы, Атырау облысының әкімдігі және «nfinity Fitness» фитнес клубы ұйымдастырды.

Қатысушылар екі қашықтық бойынша жүгірді (10 және 21 шақырым). 10 шақырым қашықтыққа дейін жүгіру "Атырау" халықаралық әуежайынан бастау алса, 21 шақырымға жүгіретіндердің старты "Мұнайшы" стадионынан басталды. Марафоншылармен бірге полиция қызметкерлері, жедел жәрдем де жолға шықты.

Марафонға облыс әкімінің орынбасары Әлібиек Нәутиев пен қала әкімі Серік Шапкенов қатысты. Бір айта кетерлігі, Шапкенов мырза Атырау облыстық жеңіл атлетика федерациясын да басқарады.

– Біріншіден, мұндай марафон салауатты өмір салтын насихаттау үшін қажет. Болашақта тұрақты түрде өткізіп тұруды жоспарлап отырмыз, – дейді С.Шапкенов.

Қала әкімінен бөлек, марафонға қатысқандардың арасында Гиннестің рекордтар кітабында жеті рет енген, Еуропадағы ең үлкен тау шыңы – Эльбруске (5642 метр) шыққан Марат Жыланбаев та болды. Сондай-ақ бірінші топтағы мүгедек Ерлан Қазиев жеңіске деген жігері үшін марапатталды.

10 шақырым жүгірушілер арасында Бисұлтан Қайыров абсолютті чемпион болса, әйелдер арасында Аделя Шабеноваға тең келер ешкім болмады. 37 жастан асқан ерлер арасында аустралиялық Мэтью Куин, әйелдер арасында Анастасия Ткаченко жеңіске жетті.

21 шақырымға жүгіргендердің ішінде Базарбай Дауталиев, әйелдерден жапониялық Наоми Ваймант бірінші келді. Бұл қашықтықтағы 37 жастан асқандардың ішінде Бауыржан Берғали мен әйелдерден Уэльстен келген Ребекке Демпстер үздік болды.

Марафон соңы қазақ эстрадасының жұлдыздары Қайрат Нұртас пен Маржан Арапбаеваның қатысуымен өткен мерекелік концертке ұласты.

Тізімге қайта оралу