XXVIII Ғ.Қосанов Мемориалы» халықаралық жарысы

Есептегіш

9

Күн
Алматы

Әлем чемпионатына қатысатын жалғыз қазақ

13.08.2017

Нұрғазы САСАЕВ  
565
Әлем чемпионатына қатысатын жалғыз қазақ

Жеңіл атлетикадан Лондонда өтіп жатқан әлем чемпионатына қатысқан 13 спортшымыздың біреуі ғана – қазақ.

Тұманды Альбионда Диана Айдосова спорттық жүру жарысынан 20 шақырымдық бәйгеде бақ сынайды. Жас спортшы, 5 қыркүйекте 22-ге толады. Әйтсе де, халықаралық дүбірлі жарыстарға қатысып жүр. Мәселен, былтыр, Рио Олимпиадасына қатысқан. Биыл Азия чемпионатында да бақ сынады.

Әкесі – қазақ, Павлодар тумасы. Шешесі – орыс. Дана екеуі егіз. Мектеп қабырғасынан бастап спортпен айналысқан. 13 жастарында Алматыдағы спорт мектебіне қабылданған. Әу баста жүгіріпті. Бірақ екі жылдан кейін жеңіл атлетиканың спорттық жүру жарысына ауысқан. Содан бері ел чемпионаттарында көзге түсіп, халықаралық аренада өнер көрсете бастады.

Өкінішке қарай, егізі Дана жиі ауырып қала беріп, спорттық жүру жарыстарында аса жоғары нәтиже көрсете алмады. Енді марафонға ауысады екен. Қазір жаттығып жүрген көрінеді. Кім біледі, алдағы уақытта оны да ұлттық құрама сапынан көріп қалармыз.

Жақында Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы (IAAF) әлем чемпионаты бағдарламасына спорттық жүруден 50 шақырымдық бәйгені де қосты. Шетелдіктердің көбісі мұны қыз-келіншектерді “қинау мен қорлау” деп, үрпиісе қарасты. Бірақ IAAF райларынан қайтқан жоқ.

Диана 50 шақырымдық қашықтықта өнер көрсеткен емес. Алайда өзін сынап көргісі келеді екен. «24 жасыманна асқаннан кейін болмаса, қазір алыс қашықтықтағы бәйгеге қатысу ойымда жоқ, әзірше тәжірибе жинақтап, тер төге түсуім керек, бірақ ниет бар», – дейді өзі. Содан соң әзір күйеуге шықпайтынын да тілге тиек етті...

Былтырғы жыл Дианаға оңай болған жоқ. Бес рет 20 шақырымдық, үш рет 10 шақырымдық бәйгелерде сынға түсті. Содан ба, биылғы жылы Азия чемпионатында аса жоғары нәтиже көрсете алмады. Ал Лондонда күнде дайындалып, ел намысын абыроймен қорғауға тырысып жүр.

Жаттығу жұмыстарын да түске қарай бастайды. Себебі ХVІ әлем чемпионатындағы 20 шақырымдық бәйге Лондон уақытымен 13 тамыз күні 12:20-да басталады. Регина Рыкова бірге жаттығып жүр. Әу баста кемі 12 шақырым “желіп” шығатын. Соңғы күндері сегіз шақырыммен шектеліп жүр. Зорығып қалуға да болмайды ғой.

Әрине, 20 шақырым аз емес. Диана алғашқы 10 шақырымда аса қиналмайды екен. Жеңіл жүреді. «Шамамен 12 шақырымнан бастап, өзіңмен күресу басталады, ал соңғы шақырымдарда өте қиын, сезінуден қаласың, екі аяқ автоматты түрде өздері қозғалады», – дейді ағынан жарылып. Сондықтан бас жағында тез жүруге тырысады екен.   

Спорттық жүру жарысында да марафондағыдай спортшының бойы маңызды емес. Ал салмақ – маңыздылау. Мұнда шыдамдылық, төзімділік, қайсарлық секілді қасиеттер керек. Әрі, бұл 100 метрлік спринт емес, ештеңе ойлауға да мұршаң болмай, зу ете қалатын. 20 шақырым бойы бәрін ойластырып, бәрін іштей есептеп отыруың керек. Айдосова жарыс жолына шыққанда да, бәрін де пайымдап отырады.

Диана – есті қыз. Ой-өрісі кең. Кітапты көп оқиды. Ұшаққа мінгенде де, кітап оқып отырғаны. Соңғы рет классикалық туындыны оқып шығыпты. Жаттығудан қолы босай қалса, қолына кітап алады. Әрине, кино да көреді. Жаттықтырушыларын құрметтейді.

«Қазақ жанкүйерлерінің саған деген көңілі – алабөтен. Дәл қазір құрамадағы жалғыз қазақсың ғой» деп едім, жаны тебіреніп кеткендей болды. «Иә, соңғы кездері осы сөздерді жиі еститін болдым» деді ұялшақтап. Бірақ көздері нұрлана түскендей ме, қалай... 

Тізімге қайта оралу