Атлеттер Антальяда жаттығып жатыр

10.04.2017

Бек Төлеуов  
175
Атлеттер Антальяда жаттығып жатыр Диляра Әбуова (СҚО) Vksport.kz

Бүгінгі таңда Қазақстанның үздік жеңіл атлеттері Түркияның Анталья қаласында жаттығып жатыр. Оқу-жаттығу жиыны 2 сәуірде басталған.  Енді олар 19-на дейін сонда болып, 22-сі күні Азия Гран-приіне аттанып кетеді.

Жаттығу жиындарына шақырылған 37 жеңіл атлет негізінен ұлттық құрама мүшелері. Сондай-ақ резервке алынған спортшылар да бар. Ал үш қарғып секіруден Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова маусымға жеке дайындалып жатыр. Рыпаковадан бөлек 800 метрге жүгіруден екі дүркін Азия чемпионы Маргарита Мукашева да Түркиядағы жиында жоқ.

Сенім артар сұлуларымыз

Сонда Антальяда кімдер жүр? деген заңды сауал туындауы мүмкін. Алдымен қысқа қашықтықта бақ сынап жүргендерді атап өтсек.

100 және 200 метрге жүгіретіндер – Ольга Сафронова (Павлодар облысы), Виктория Зябкина, Юлия Рахманова (екеуі де – Алматы), Рима Кашафутдинова,  Любовь Ушакова (екеуі де – Қарағанды облысы), Светлана Голендова (Жамбыл облысы), Анастасия Тулапина (Алматы облысы);

100 метрге кедергілер (барьер) арқылы жүгіретіндер – Анастасия Пилипенко мен Әйгерім Шанызбекова (екеуі де – Алматы);

400 метрге жүгіретіндер – Элина Михина (ШҚО);

400 метрге кедергілер арақылы жүгіретіндер – Александра Романова (Қарағанды облысы), Мерджен Ишангулиева, Марина Зайко (екеуі де – Алматы).

Соңғы жылдары спринттік жарыста Қазақстан қыздары сары құрлықта үздік шығып жүр. Оған өткен жылғы рейтингтегі ұпайлары мысал бола алады. Ольга Сафранова 100 метрге жүгіретіндер арасында, Виктория Зябкина 200 метрге жүгіретіндер арасында, Оксана Пилипенко 100 метрге кедергілер (барьер) арқылы жүгіретіндер арасында бірінші орында тұр.

Медальға кімдер ілігуі мүмкін?

Енді ұзындыққа секіретіндер мен граната лақтыратындарға тоқталсақ. Бұл топта ең тәжірибелі спортшы деп Солтүстік Қазақстан облысының өкілі Ирина Эктованы айтуға болады. Ол екі бірдей Азия чемпионатында жүлдеге іліккен. Үш Олимпиада ойындарына қатысқан.

Иринадан бөлек, СҚО-ның тағы бір тумасы Екатерина Эктова бар. Ол үш қарғып секіруден өнер көрсетеді. Ал теміртаулық Мария Овчинникова мен Диляра Әбуова (СҚО) үш қарғып секіруден бөлек, ұзындыққа да секіреді.

Түркиядағы бұл топта жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, 19 жастағы шығысқазақстандық спортшы Надежда Дубовицкая да жүр.

Сырықпен секіретіндер квартеті

Түркиядағы жиында жүрген ерлер құрамасында секіретін спортшылар көп. 2015 жылғы Универсиада жеңімпазы Никита Филиппов, оның басты бәсекелесі – Сергей Григорьев, сондай-ақ жаңа толқын өкілдері Михаил Буда мен Силантий Гилев бар. Төртеуі де Алматы қаласынан. Бұлар алты қарғып секіруден сынға түседі.

Ал үш қарғып секіруден негізгі үміт әр жылдары Азия чемпионы атанған Роман Валиев пен Евгений Эктовқа артылып отыр. Аталған спортшылар артылған сенімді қаншалықты ақтайтыны Түркиядағы жаттығу жиындарында белгілі болады. Сондай-ақ биіктікке секіретіндер – Юрий Дергачев пен Роман Лошкаревқа қатысты айтарымыз да дәл солай.

Антальяда жүргендердің арасында ұзындыққа секіретіндерден Константин Сафронов бар.

Кедергілер – жетістік кепілі

Антальяда жаттығып жатқандардың арасында 100 және 200 метрге жүгіретін желаяқтардан қарағандылық Рүстем Әлмағамбетов пен алматылық Өмірсерік Бекенов бар. 400 метрге жүгірудің шеберлері Михаил Литвин (Петропавл), Андрей Соколов (Алматы), сондай-ақ Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қатысушысы 400 метрге кедергілер (барьер) арқылы жүгіретін Дмитрий Кобловта осында.

Бұл төрттіктің ішінде көшбасшысы деп Кобловты айтуға болады. Ол өткен жылы Азия үздіктерінің қатарында болды. Мамандар Дмитрийдің нәтижесіне жоғары баға берді. Сондықтан бұл жігіттен медаль күтуге болады. Сарықұрлықта нормативті орындаса 4-13 тамызда Лондонда өтетін әлем чемпионатына қатыса алады.

Спорттық жаяу жүріс бойынша өнер көрсететін оралдық Георгий Шейко мен Полина Репина Лондондағы әлем чемпионатына жолдама алып қойған. Сондықтан бұл отбасылық жұп Түркияда ешқандай қобалжусыз әлем біріншілі мен дүниежүзілік Универсиада ойындарына дайындала берсе болады.

Тізімге қайта оралу