Алматыда жеңіл атлетика стадионы ашылды
Бек Төлеуов  

Алматыда жеңіл атлетика стадионы ашылды

Кеше Алматы қаласында жаңадан жеңіл атлетикаға арналған стадион ашылды.

Стадион қаладағы жаңа аудандардың бірі Алатауда орналасқан. Ашылу салтанатына қала әкімі Бауыржан Байбек қатысты.


– Бұл – соңғы 40 жыл ішінде салынған алғашқы жеңіл атлетикалық жаттығу стадионы. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында «Алонс» және «Юником бизнес групп» компаниялары 605 млн теңге қаржыға салып, мемлекетке сыйға тартып отыр. Стадион Алматы қаласы жеңіл атлеттерінің жаттығу орталығына айналмақ. Алдағы уақытта, «Халық Арена» жанында тағы да 5 000 орынға арналған халықаралық бірінші санатты жеңіл атлетика манежін салатын боламыз. Бүгін біз ашып отырған жаңа жаттығу алаңы жеңіл атлетиканың қарқынды дамуына, еліміздің туын биікке желбірететін спортшыларды дайындауға қызмет ететін болады деп сенемін», – деді Бауыржан Байбек.

   Стадионның жалпы ауданы 39  мың шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 6 футбол алаңы, 6 жүгіру жолы, биіктікке және ұзындыққа секіру алаңы, ядро серпу, найза, шарбалға, диск лақтыруға аймағы бар. Стадионда 300 орындық трибуна орналасқан.Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімінен бөлек, Олимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері Ольга Рыпакова, Ермахан Ыбырайымов, Бақтияр Артаев, Дәулет Тұрлыханов, Ислам Байрамуков қатысты.

Айта кетейік,  жаңа стадионы «Алматы-Арена» спорт кешеніне қарама-қарсы орналасқан. Жаңа спорт нысаны «Туған жер» бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің көмегімен бой көтерді.Мамандардың айтуынша, спорт кешені балалар-жасөспірімдер үшін қуанышты жаңалық. Балалар арасында республикалық сайыстар өткізуге болады. БІрақ халықаралық талаптарға сай емес. Сондықтан ересектер арасындағы жарыстар өткізуге келмейді.

Тізімге қайта оралу