Алматыда ел чемпионаты басталды

13.06.2017

Әзиз ЖҰМАДІЛ  
130
Алматыда ел чемпионаты басталды 12 маусым, Қазақстан чемпионаты - фото Эдуарда Гавриша

Алматыда жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты басталды. Үш күнге созылатын дүбірлі додаға Ольга Рыпаковадан басқа еліміздің барлық үздік атлеттері қатысуда.

Бар күшін «Гауһар лигаға» салып жатқан Рыпакова ішкі додалардан босатылған. Дегенмен, өзге спортшылар Олимпиада чемпионының орнын жоқтатпауға тырысты. Қазақстанның барлық облыстарынан барлығы 350-ге жуық атлет қатысып жатқан ел чемпионаты бірден тартысты басталып, ашылу салтанатына көрермен жылдағыдан көп жиналды. Әуелі ұлттық құрамамыздың бас бапкері Григорий Егоров жарысқа қатысушылардың алдында сөз алып, Азия чемпионаты мен Әлем мундиалінің нормативтерін сәтті орындауларын тіледі.

– Осы ел чемпионаты бар, одан кейін Алматыда бізді тағы бір ірі турнир күтіп тұр. Ғұсман Қосанов дәстүрлі мемориалы. Әзірге спортшылардың барлығымен танысып, әлеуеттерін байқап жүрмін. Алда атқарылар шаруалар өте көп. Дегенмен, осы екі ірі жарыстың қорытындысы бойынша Азия чемпионатына аттанатындар белгілі болып қалады, - деді Григорий Александрович.

Естеріңізге сала кетейік, биыл Азич чемпионатының өтетін орны ұзақ талқыланып, ақыры Үндістанның Бхубанешвар қаласында шілденің 6-сы мен 9-ы аралығында өтетін болып шешілген.

Ал Қазақстан чемпионатына өзге елдердің де желаяқтары қатысуға ниет білдіріп, жарыстың мәртебесін тіптен көтеріп жіберді. Мәселен, көрші Қырғызстанды айтпағанда алыс қашықтықтарға жүгіруден кениялық желаяқтар мен ұзындыққа секіруден малайзиялық қыздар да сынға түсіп жатыр.

Ел чемпионаты маусымның 14-і күні мәресіне жетеді.

Тізімге қайта оралу