ҚР Кубогы 4 кезең

Есептегіш

1

Күн
Алматы
Алматыда Қазақстан жеңіл атлетикасының 100 жылдығы атап өтілді Фото Константин Князевич
96

Алматыда Қазақстан жеңіл атлетикасының 100 жылдығы атап өтілді

29-30 маусым күндері жеңіл атлетикадан дәстүрлі XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы өткен. Мәртебелі жарыс аяқталған соң, «спорт падишасының» өкілдері Қазақстан жеңіл атлетикасының 100 жылдығын тойлады.

Алғаш рет 1918 жылы Семей қаласында жеңіл атлетикадан спорттық ұйым құрылған екен. Сондықтан еліміздегі жеңіл атлетика спорты осы жылы бастау алды деп есептеп жүрміз.

Осы жылдар ішінде ауыз толтырып айтатындай жетістіктеріміз жетерлік. Тұңғыш қазақ баласының Олимпиада ойындарында жүлде алған спорты да осы жеңіл атлетика. 1960 жылы Рим Олимпиадасында Ғұсман Қосанов күміс жүлдеге ие болған.

Ғұсман Қосановты айтқан кезде Әмин Тұяқовты ұмытып кету мүмкін емес. Екеуі қазақ жеңіл атлеттері арасында алғаш КСРО-ның еңбек сіңірген спортшы шебері нормативін орындап шықты.

Ал 1970-90 жылдары аралығында елімізде Олимпиада, әлем чемпионаттарында жүлдегер атанған жеңіл атлеттердің саны көбейді. Мысалы, қарағандылық Владимир Муравьев  КСРО құрамасы сапында 4х100 эстафеталық жарыста 1980 және 1988 жылғы Олимпиада ойындарында топ жарды. Сеулде Муравьевпен бірге Жезқазған қаласының тумасы Виталий Савин қоса жүгіріп, чемпион атанған.

Тәуелсіздік жылдары қазақ жеңіл атлетикасының көшін алға сүйреген спортшылардың қатарында Ольга Шишигина, Дмитрий Карпов, Ольга Рыпаковаларды айтуға болады. Қос Ольга Олимпиаданың ең биік тұғырына көтерілсе, Карпов қола жүлдеге қол жеткізген.

Кеше Алматыда қазақ жеңіл атлетикасының дамуына үлес қосқан спортшылар, бапкерлердің еңбегі ескеріліп марапатталды.Шетелде тұратын ардагер спортшылар Виктор Краузе мен Вольдемар Шпар осы кешке арнайы келді.

Ардагер спортшылар мен бапкерлерге алғыс хат, естелік сыйлықтарды Алматы қалалық жеңіл атлетика федерациясының президенті Мұхит Әзірбаев пен мемлекеттік жаттықтырушы Қуандық Елжанов табыстады.

Тізімге қайта оралу