Altay athletics club спортшылары Дохадағы «Гауһар лигаға» қатысады

04.05.2018

44
Altay athletics club спортшылары Дохадағы «Гауһар лигаға» қатысады

4 мамыр күні Катар астанасы Доха қаласында жеңіл атлетикадағы ең үздік коммерциялық турнир «Гауһар лиганың» бірінші кезеңі басталады.

Дохада Қазақстанның жеңіл атлетикадан тұңғыш кәсіби клубы «Altay athletics-тың» екі спортшысы қатысады. Олар – кениялық желаяқтар Каролин Кипкируи пен Нора Джеруто. Екеуі де 3000 метрге жүгіреді. Бірінші кезеңде бұл қашықтықта 18 спортшы тіркелген. Арасында 5000 метрге жүгіруден 2017 жылғы әлем чемпионы Хеллен Обири де бар.

Дохадағы «Гауһар лигаға» 13 сайыс түрі енгізілген. Әйелдер 3 шақырымнан бөлек, 100, 100, 1 500 және 100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру, сырықпен секіру және диск лақтырудан өнер көрсетеді. Ерлер арасындағы сайыстарға 200, 400, 800 және 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру, найза лақтыру, биіктікке және үш қарғып секіру бар. Катарда жұлдызды спортшылардан хорват қызы Сандра Перкович (диск лақтыру), ямайкалық желаяқ Элейн Томпсон (100 метр), америкалық Кендра Харрисон (100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру) және жергілікті жанкүйелердің мақтанышы, әлем чемпионы Мутаз Баршим (биіктікке секіру) т.б спортшылар бар.

Биылғы 2018 жылғы «Гауһар лига» 18 іріктеу кезеңінен тұрады. Әр сайыс түрінен кемі 4-6 іріктеу бәсекелері өтеді. Үздіктер 30 тамызда Цюрихтегі, 31 тамызда Брюссельдегі финалда өнер көрсетеді. Әрбір сайыстың жеңімпазына 50 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы беріледі. Былтырғы жылы әйелдер арасындағы үш қарғып секіру сайысынан қазақстандық Ольга Рыпакова чемпион атанған болатын.

Тізімге қайта оралу