«Altay athletics» клубының таныстырылымына Даниал Ахметов қатысады
256

«Altay athletics» клубының таныстырылымына Даниал Ахметов қатысады

Бүгін Өскемен қаласында жеңіл атлетикадан елімізде құрылған «Altay athletics» атты алғашқы кәсіби клубтың таныстырылымы өтеді.

Салтанатты тұсаукесер рәсіміне Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов қатысады. Таныстырылым облыстық драма театрда өтеді. Басталуы – 16.00.

Даниал Кенжетайұлы қай облыста әкім болса да үнемі спортқа қолдау көрсетіп жүреді. 90-жылдардың соңында Солтүстік Қазақстан облысын басқарған тұста «Аксесс-Голден Грейн» сол кездегі еліміздің үздік футбол клубтарының қатарында болды. Чемпионатта жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді.

Одан кейін Павлодар облысына барғанда «Ертіс» ел чемпионатын ұтып алды. Ал қазір Шығыс Қазақстан облысының спортын көтеруге айтарлықтай үлес қосып жүр. «Altay athletics» жеңіл атлетика клубын құруға да өз көмегін аянып қалған жоқ.

Айта кетейік, клуб құрамына 7 спортшы қабылданған. Оның үшеуі қазақстандық. Атап айтсақ, Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова және болашағынан үлкен үміт күттіретін жас атлеттер Варвара Назарова мен Артур Гафнер бар. Сондай-ақ Кениядан 4 спортшы шақырылды (Шэдрак Кимутаи Коич, Каролин Чипкоич Кипкируи, Тануи Нора Джируто, Дэйзи Джипкемей).

Жаңадан құрылып жатқан клубтың бас менеджері болып Швейцария азаматы Гвидо Тоньони тағайындалды. FIFA секілді халықаралық ұйымдарда, әр түрлі спорттық клубтарда қызмет атқарған. Ал атқарушы директор қызметі қазақстандық Асхат Сейсембековке жүктелді.

Асхат Рашидұлы – «Тобыл» футбол клубында өнер көрсеткен. Кейіннен ҚР Спорт және денешынықтыру агенттігі төрағасының кеңесшісі болды. Жалпы алғанда тәжірибелі спорт функционері.

Жеңіл атлетикадан әлемде мұндай клубтар көп. Оның ішінде ең атақтысы – «Цюрих». Швейцария клубының 94 жылдық тәжірибесі бар. Тіпті, клуб бүгінгі таңда жақсы пайда тауып отыр. Бұл клубтың спорттық киімдер мен атрибутка сататын дүкені, өзінің журналына дейін бар екен. «Altay athletics» та «Цюрих» секілді табысты жоба болады деп үміттенеміз.

Тізімге қайта оралу