Анастасия Ермакова Гифуде күміс жүлдеге ие болды
93

Анастасия Ермакова Гифуде күміс жүлдеге ие болды

Жапонияның Гифу қаласында өтіп жатқан жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында сырықпен секіруші Анастасия Ермакова күміс жүлде еншіледі.

Жарыс алдында Ермакова жүлдеге ілігетіндей мүмкіндігі жоқ секілді көрінген еді. өйткені, қытайлық атлеттің қарқыны қатты болды.

Дегенмен, Гифуде жерлесіміз ешқандай рекорд жаңартпаса да, үздіктер қатарынан көрінді. Сайысты алғашқы болып бастаған Ермакова 3.45 метрге тапсырыс беріп, бірден бағындырды. Кейіннен 3.60 метрді байқап көрді. Қазақстандық спортшымен қатар бұл биіктікке тағы төрт спортшы тапсырыс берген. Бірақ ешқайсысы алғашқы мүмкіндіктерінде сәтті орындай алған жоқ. Ал екінші мүмкіндігінде Ермакова оңай секірді. Тайбэйден келген Чиа-Джу Ву үшінші мүмкіндігінде бағындырды. Жапон қыздары Рина Юмаджи мен Рена Танака қанша тырысқанымен, жолдары болған жоқ.

Одан кейін Анастасия мен тайбэйлік спортшы 3.70 метрге талпынғанымен, шамалары жетпеді.

Жарыс жолына соңғы болып шыққан қытайлық Цзочэн У бірден 3.80 және 4 метрге секіріп, жасөспірімдер арасындағы 2018 жылғы Азия чемпионы атанды.

Ермаковаға күміс жүлде бұйырды. Бір қызығы, жақында мектеп бітірген жас түлек өткен жылы 3.70 метрмен жүлдеден тыс қалған. Биыл 3.60 метрмен-ақ күміс жүлдеге ие болды.

Жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты. Гифу. Сырықпен секіру. Әйелдер:

1.      Цзочэн У (Қытай) – 4.00 метр;

2.      Анастасия Ермакова (Қазақстан) – 3.60;

3.      Чиа-Джу Ву (Тайбэй) – 3.60….

Тізімге қайта оралу