Анастасия Виноградова қысқы маусымдағы жарыстарға қатыспайды
192

Анастасия Виноградова қысқы маусымдағы жарыстарға қатыспайды

Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарының қола жүлдегері Анастасия Виноградова қысқы маусымдағы жарыстарға қатыспайды.

Бұл спортшы мен жеке бапкерінің ортақ шешімі. Виноградова 2018 жылы Индонезияда өтетін жазғы Азия ойындарына тыңғылықты дайындалуды көздеп отыр. Ал қысқы маусымдағы жарыстарға қатыспауы ұлттық құраманың бапкерлер штабына күтпеген жаңалық болды.

Маусым аяқталған соң, 100 метрге тосқауылдар арқылы жүгірушіні 9-26 қазан аралығында өткен Белектегі оқу-жаттығу жиындарына қосқан еді. Бірақ 31 жастағы атлет отбасылық жағдайына байланысты бұл жиыннан бас тартты. Дегенмен одан кейін 7-24 қараша аралығында өткен екінші оқу-жаттығу жиынына қатысты.

Айта кетейік, Виноградова 2016 жылы өзінің дисциплинасында Азиядағы ең үздік нәтижені көрсеткен болатын (12,87 с). Ал биыл оның ең үздік көрсеткіші – 13.41 секундтан аспады. Бірақ қыркүйек айында Ашхабадта өткен жабық кешендегі Азия ойындарында 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден қола жүлдеге қол жеткізді.

Құрамадағы тәжірибелі атлеттердің бірі үш бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан. Ең алғаш 22 жасында Пекинде өнер көрсеткен. Одан кейін Лондон және Рио-де Жанейроға да барды.

Тізімге қайта оралу