Қарағанды марафонына 2000 қатысушы өтініш берген

02.06.2017

Бек Төлеуов  
108
Қарағанды марафонына 2000 қатысушы өтініш берген

3 маусым күні Қарағандыда алғаш рет «Арманға жол» атты жалпыхалықтық жартылай марафон өтеді. Сарыарқа кіндігінде өтетін марафонға қатысуға еліміздің барлық облысынан өтініштер келіп түскен. Сонымен қатар өзге мемлекеттің де марафоншылары да қызығушылық танытып отыр.

Қатысушыларға шектеу жоқ

Қарағанды марафонына қатысушылар жасы мен мүмкіндіктеріне қарай төрт қашықтық бойынша жүгіре алады. «Арманға жол» атты 21 шақырымды құрайтын жартылай марафонға 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер қатысады. «Спутник» деп аталатын 10 шақырымды құрайтын марафон 16 жастан асқан жасөспірімдерге арналған. 5 шақырымды құрайтын «Достық» марафонына жүгіруге икемі барлардың бәріне қатысуға болады. Сондай-ақ төртінші яғни 1 шақырымды қамтитын «Балапан» марафонында 10 жасқа дейін балалар жүгіреді.
Марафон 3 маусым күні қаладағы Республика даңғылының бойында орналасқан «Қарағанды Арена» мұз сарайының алдынан сағат 9.00-де басталады.

2000-нан астам қатысушы өтініш берді

Осы марафонның Қарағандыда өтуіне тікелей атсалысып жүрген, жеңіл атлетикадан Афины Олимпиадасының қола жүлдегері, Қарағанды облыстық жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті Дмитрий Карпов қазіргі кезде 2000-нан астам қатысушы тіркелгенін айтты.
– Бұл біздің алғашқы ауқымды жобамыз. Қала әкімдігі, ҚР Жеңіл атлетика федерациясы және облыстық спорт және денешынықтыру басқармасымен бірігіп, марафон өткізуді қолға алдық. Басты мақсатымыз – «спорт падишасына» деген халықтың қызығушылығын ояту, танымалдылығын арттыру. Марафонға қатысуға өтініштер еліміздің барлық аймағынан келіп түсті. Мысалы, Астанадан 150 адам, Алматыдан 100-ден астам қатысушы тіркеліп үлгерді. Қарағандыдағы жартылай марафонға еліміздің барлық аймағынан жүгірушілер келеді деп үміттенемін, – дейді Д. Карпов.
Оның айтуынша, алғаш рет Қарағандыда өтетін жалпыхалықтық жартылай марафонға алыс-жақын шетелдің де спортшылары да қызығушылық танытып отыр екен.
– Көптеген елдің марафоншыларына шақырту жібердік. Қырғызстан, Ресейдің бірнеше қаласынан жүгіруге қызығушылығы бар марафоншылардан өтініштер келіп түсті. Біз шамамыз келгенше жеңіл атлетика халықтың әлеуметтік статусына қарамастан қолжетімді спорт екенін дәлелдегіміз келеді. Жүгіру үшін жейде, шолақ шалбар (шорты) және кроссовки болса жеткілікті. Соңғы күндері жергілікті халықтың осы марафонда күтіп жүргенін байқадым. Шынымен де, «Арманға жол» марафоны халықтық мереке болады деп сенемін. Қатысушылардың барлығына сәттілік тілеймін, – дейді Афины Олимпиадасының қола жүлдегері.

Марафонға танымал атлеттер келеді

Марафонға танымал қазақстандық атлеттер де қатысады. Олардың арасында 2016 жылы Рио Олимпиадасында өнер көрсеткен Ирина Смольникова мен Михаил Красилов бар. Сондай-ақ шығысқазақстанық Андрей Лейменов та өз келісімін берген. Өтініш бергендердің ішінде ең егдесі 79 жастағы қарағандылық ақсақал екен. Ол кісі 5 шақырымға жүгіреді.
Шығыс Қазақстан облысының өкілі Ирина Смольникова тамыз айында Лондонда өтетін әлем чемпионатының нормативін бұған дейін орындап тастаған. Ал Лейменов пен Красиловқа жолдама алу өзекті мәселе. Сондықтан Қарағанды марафоны аталған екі спортшы үшін норматив орындау алдындағы дайындық іспеттес болмақ. Әлем чемпионатына қатысу үшін 42 шақырым 195 метрді 2 сағат 19 минутта жүгіріп өту керек.

Жүлде қоры қомақты

Әрине, марафонға қатысушылар медаль мен сыйақы үшін жүгірмейтіні анық. Дегенмен қатысушыларды ынталандыру мақсатында жүлделі орындарға сыйақы тағайдалып отыр. Әр қашықтық бойынша алғашқы келген он адамға (әйелдер мен ерлер бөлек) жүлде беріледі. Мысалы, «Балапан» марафонына қатысушылардың жеңімпазы 10 000 теңгеден алады (ұлдар мен қыздар). «Достық» марафонының жеңімпазына 50 000 теңге, «Спутник» марафонының жеңімпазына 100 000 теңге бұйырады. Ал «Арманға жол» марафонында бірінші келген марафоншы 300 мың теңге сыйақы алады. Марафонның жалпы жүлде қоры – 2 миллион теңге.

Тізімге қайта оралу