1-ші деңгейлі TOECS курсы

Есептегіш

7

Күн
Алматы, Қазақстан

Қарағандыдағы марафон кәсіпқойлар мен әуесқойлардың басын біріктіреді

31.05.2017

Бек Төлеуов  
182
Қарағандыдағы марафон кәсіпқойлар мен әуесқойлардың басын біріктіреді

3 маусым күні алғаш рет Қарағандыда өтетін «Арманға жол» атты жартылай марафонға әуесқойлармен бірге кәсіпқой спортшылар да қатысады. Бұл марафонның беделін одан әрі артыратыны түсінікті.

Ең ұзақ қашықтық яғни 21 шақырымға жүгіретіндердің арасында еліміздегі танымал марафоншылар, 2016 жылғы Рио Олимпиадасына қатысқан Ирина Смольникова мен Михаил Красилов бар. Сондай-ақ шығысқазақстанық Андрей Лейменов та Қарағандыда жүгіруге өз келісімін берген.

Шығыс Қазақстан облысының өкілі Ирина Смольникова тамыз айында Лондонда өтетін әлем чемпионатының нормативін бұған дейін орындап тастаған. Ал Лейменов пен Красиловқа жолдама алу өзекті мәселе. Сондықтан Қарағанды марафоны аталған екі спортшы үшін норматив орындау алдындағы дайындық іспеттес болмақ. Әлем чемпионатына қатысу үшін 42 шақырым 195 метрді 2 сағат 19 минутта жүгіріп өту керек.

Қарағанды қаласындағы бұл спорттық мерекені ұйымдастыруда облыстық жеңіл атлетика федерациясының жаңа басшылығының атқарып жатқан үлесі зор. Жақында облыстық федерациясының президенті болып, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Асылбек Дүйсебаев тағайындалған. Ал Вице-президент қызметін, Афины Олимпиадасының қола жүлдегері, танымал жеңіл атлет Дмитрий Карпов атқарады.

– Бұл біздің алғашқы ауқымды жобамыз. Қала әкімдігі, ҚР Жеңіл атлетика федерациясы және  облыстық спорт және денешынықтыру басқармасымен бірігіп, марафон өткізуді қолға алдық. Басты мақсатымыз – «спорт падишасына» деген халықтың қызығушылығын ояту, танымалдылығын арттыру, – дейді Дмитрий Карпов.

Марафонның жоғары деңгейде өтуі үшін жанталасып жүрген Олимпиада ойындарының қола жүлдегері жүгіруге өзінің қатыспайтынын айтады.

– Мұндай ауқымды шараны өткізу кезінде ұйымдастыру жұмыстарының көп болатынын жақсы білесіздер ғой. Ал кез келген жарысқа қатысу үшін дайындалу қажет. Ондай бос уақыт болып жатқан жоқ. Кезінде спортпен айналысып жүргенде 10-15 шақырымдарға жүгірдім. Бірақ 21 шақырымға яғни жартылай марафонға қатысып көрмеген екенмін. Жақында 10 шақырымға жүгірдім. 21 шақырым мен үшін көптеу болады. Өйткені физикалық тұрғыдан дайын емеспін, – дейді Қарағанды облытық жеңіл атлетика федерациясының вице-президенті.

Марафон 3 маусым күні қаладағы Республика даңғылының бойында орналасқан «Қарағанды Арена» мұз сарайының алдынан сағат 9.00-де басталады. Марафонда қатысушылар жасы мен мүмкіндіктеріне қарай төрт қашықтық бойынша жүгіре алады. Әр қашықтық бойынша алғашқы келген он адамға жүлде беріледі. «Арманға жол» марафонында бірінші келген марафоншы 300 мың теңге сыйақы алады. Марафонның жалпы жүлде қоры – 4 миллион теңге.

Тізімге қайта оралу