«Арманға» жол» жартылай марафоны халықаралық сертификатқа ие болды

«Арманға» жол» жартылай марафоны халықаралық сертификатқа ие болды

20 мамырда Қарағанды қаласында өтетін «Арманға жол» жартылай марафонының тас жолы Халықаралық марафондар қауымдастығының сертификатына ие болды.

Бұл ақпаратты осымен екінші рет ұйымдастырылып отырған жартылай марафонның басты жаңалығы деуге болады. Өйткені, қатысушылар ресми түрде спорттық разрядтарды орындай алады.

Марафонда қатысушылар жасы мен мүмкіндіктеріне қарай төрт қашықтық бойынша жүгіре алады.

Сонымен төрт қашықтық былай:

«Арманға жол» – 21 шақырым;

«Спутник» – 14 шақырым;

«Достық» –7 шақырым;

«Балапан» – 2 шақырым.

Қатысушыларды ынталандыру мақсатында арнайы жүлде қоры қарастырылған. Жартылай марафонның жеңімпазына 1 миллион теңге беріледі. Сондай-ақ алтыншы орынға дейін келгендерге сыйақы үлестіріледі. Алтыншы орынға 150 мың теңге.

«Арманға жол» жартылай марафонына қатысу үшін 2 мың теңге жарна төлеу қажет. Өзге қашықтықтарға қатысу тегін. Марафоннан түскен қаржы қайырымдылық шараларына жұмсалады.

Қазіргі кезде Қарағандыдағы марафонға қатысуға 2017 жылы Лондонда өткен әлем чемпионатында өнер көрсеткен қырғызстандық Виктория Полюдина мен Рио Олимпиадасында Беларусь елінің намысын қорғаған Владислав Прямов өтініш білдірген. Қазақстаннан Андрей Лейменов пен Михаил Красилов бар.

Тізімге қайта оралу