Армениялық Левон Агасян Рыпакова турнирінің екі дүркін чемпионы атанды
184

Армениялық Левон Агасян Рыпакова турнирінің екі дүркін чемпионы атанды

Өскемен қаласында жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған жабық кешендегі IV халықаралық турнирде үш қарғып секірудің бас жүлдесі армениялық Левон Агасян мен қазақстандық Ирина Эктоваға бұйырды.

Ерлер арасындағы үш қарғып секірудің бас жүлдесі Армения еліне кетті. Қап тауынан келген Левон Агасян 16.39 метрге секірді. Ол осымен екінші жыл қатарынан жеңіске жетіп отыр. Былтырғы көрсеткіші бұдан да жоғары болған – 16.59 метр.  

Украиналық Олександр Малосилов 16.20 метрмен күміс жүлдеге ие болса, үшінші орынға жерлесіміз Евгений Эктов қол жеткізді. Солтүстік Қазақстан облысының спортшысы биылғы маусымда алғаш рет жарыс жолына шықты.

Ал Роман Валиев 15.80 метрмен бұл жолы алтыншы орынды қанағат тұтты.

Әйелдерден Евгений Эктовтың жары Ирина Эктова тағы да Мария Овчинниковадан басым түсті.

Қаңтар айының алғашқы екі жарысында да Эктова жеңіске жеткен болатын. Бұл жолы да дәл сол жағдай қайталанды. Иринаның ең үздік көрсеткіші – 13.48 метр. Овчинникова жарысты 13.22 метрмен аяқтады. Малайзиядан келген Киртана Рамасами 12.48 метрмен қола жүлдеге қол жеткізді.

Ольга Рыпакованың жүлдесіне арналған халықаралық жарыс. 20 қаңтар.  Үш қарғып секіру, ерлер:

1.     Левон Агасян (Армения) – 16.39; 

2.     Олександр Малосилов (Украина) – 16.20; 

3.     Евгений Эктов (Қазақстан) – 16.02. 

Үш қарғып секіру, әйелдер:

1.     Ирина Эктова (Қазақстан) – 13.48 м 

2.     Мария Овчинникова (Қазақстан) – 13.22 м 

3.     Киртана Рамасами (Малайзия) – 12.48 м.

Тізімге қайта оралу