Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Қырғызстаннан қыздар құрамасы олжалы оралды

19.06.2017

Бек Төлеуов  
184
Қырғызстаннан қыздар құрамасы олжалы оралды Ольга Сафронова. Фото Изтургана Алдауева

Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында жеңіл атлетикадан 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Татьяна Колпакованың жүлдесіне арналған халықаралық турнир өз мәресіне жетті.

Бішкекте желаяқ қыздарымыз қысқа қашықтықта ешкімге дес бермеді. Жақында ғана жарақатынан айығып, 100 және 200 метрге жүгірген қазақстандық Ольга Сафронова екі қашықтық бойынша да чемпион атанды.

100 метрге жүгіруде 2014 жылғы Азия ойындарының чемпионы биылғы маусымдағы өзінің үздік нәтижесін көрсетті. Ол мәреге 11.37 секундта жетті. Күміс пен қола жүлде де біздің спортшыларға бұйырды. Қарағандылық Римма Кашафутдинова (11.46 с) екінші келсе, Светлана Голендова үздік үштікті қорытындылады (11.64 с).

Ольга өзінің негізгі қашықтығы 200 метрде Лондонда өтетін әлем чемпионатының нормативін орындай алмады. Қазақстан чемпионатында Сафронова бұл қашықтықты 23,19 секундта бағындырған еді. Бұл жолы көрсеткішін сәл жақсартып, мәреге 23,14 секундта жетті.

Әлем чемпионатының нормативі – 23.10 секунд. Жерлесіміз 24-25 маусымда Алматыдағы Ғ.Қосанов мемориалында осы нормативті орындайды деп үміт артамыз.

Екінші және үшінші орында біздің еншімізде. Жас қазақстандық желаяқтар ЛюбовьУшакова (24,92 с) мен Айнұр Бекмағамбетова (25,38 с) күміс пен қола жүлдені өзара бөлісті.

Сондай-ақ командалық эстафетадан да алтын алдық. Өкініштісі, Қазақстаннан басқа ешкім қатысқан жоқ. Бішкекте еліміздің намысын Рима Кашафутдинова, Виктория Зябкина, Юлия Рахманова, Ольга Сафронова қорғады. Қыздардың уақыт көрсеткіші – 43,77 секунд.

400 метрге жүгіруден Марина Зайко (56,04 с) екінші орын алды. Ол тәжікстандық Кристина Пронженкоға есе жіберіп қойды. 800 метрде алтын мен күміс медальда Қазақстан спортшыларының қоржынында. Татьяна Нерознак бірінші келсе (2:10,17 мин), Виктория Рыжикова (2:10,29 мин) мәре сызығын екінші болып кесті. Рыжикова сонымен қатар 1500 метрге де жүгіріп, екінші орын алды. 5000 метрде тағы бір жерлесіміз Виктория Сергеева жеңіс тойын тойлады.

100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру бойынша Қазақстанның қос мықтысы Анастасия Виноградова мен Әйгерім Шыназбекова да Бішкекке барған болатын. Осыдан бірнеше күн бұрын Алматыдағы ел чемпионатында бәсеке көрігін қоздырған Настя мен Әйгерім бұл жолы да бас жүлдені өзара бөлісті. Виноградова – 13.43, Шыназбекова –13.55 секундта келді.

Секіру сайыстарынан алтын медаль бұйырмады. Биіктікке секіруде 175 сантиметрмен Регина Кайсарова қола жүлдені еншіледі. Ал кезінде Татьяна Колпакова өнер көрсеткен ұзындыққа секіруде жергілікті атлет Анна Буланова (5.79 метр) чемпион атанды. Екінші және үшінші орынды қазақстандық Любовь Лебедева (5.72 метр) мен Алина Тайфурова (5.18 метр) өзара бөлісті.

Маңғыстау облысынан барған Әсия Рабаева өзің жақсы жағынан көрсетті. Ол найза лақтырудан алтын ( 46.74 метр), ядро серпуден (12 .5 метр) екінші орын алды.

Айта кетейік, Татьяна Колпакова КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері. «Халықтар достығы» орденінің кавалері. 1959 жылы 18 қазанда Қырғызстанның Аламедин селосында дүниеге келген. 1980 жылы Мәскеуде өткен XXII жазғы Олимпиада ойындарында ұзындыққа секіруде чемпион атанды. Аса қатты танымал емес бұл есімнің сол жылы күтпеген жерден топ жаруы жаңалыққа баланған болатын. Татьяна Олимпиада ойындарында 7.06 метрге секірді. 1984 жылы спорттық карьерасын аяқтады. Ал 1988-2001 жылдар аралығында бапкер болып қызмет атқарды. Қазіргі кезде Мәскеу қаласында тұрады.

Тізімге қайта оралу