Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Қосанов мемориалы: 100 метрге жүгіруде Григорьев пен Зябкина жеңіске жетті

25.06.2017

Бек Төлеуов  
132
Қосанов мемориалы: 100 метрге жүгіруде Григорьев пен Зябкина жеңіске жетті Виктория Зябкинаның финалдық спринті

Алматыда жеңіл атлетикадан 1960 жылғы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Ғұсман Қосановты еске алуға арналған халықаралық мемориал өтіп жатыр. Осымен 27-ші рет ұйымдастырылған жарыстың алғашқы күнінде 100 метрге жүгіруден қазақстандық спортшылар ешкімге дес бермеді.

Бірден айта кетейік, өткен ғасырдың 60-жылдары дәл осы қашықтықта Ғұсман Қосановтың өзі өнер көрсеткен болатын. Рим Олимпиадасында командалық эстафетада жүгіріп, екінші орын алған еді.

Сондықтан Қосанов жүгірген 100 метрге Ұлттық Олимпиада комитеті арнайы сыйлық тағайындады. Оны ерлер арасында қарағандылық Владислав Григорьев, қыздар арасында алматылық Виктория Зябкина жеңіп алды.

Григорьев мәреге 10,49 секундта жетті. Ол финалда үш бірдей ирандық спринтерді қапы қалдырды.

Ерлер арасындағы финалдық кезеңде фальстарт болып, спортшылар бірден жүгіріп кете алмады. Ал екінші мүмкіндіктерінде жүгіргенде Владислав қарсыластарынан қалып келе жатқан болатын. Дегенмен мәреге жақындаған тұста барлығын басып озып кетті.

Қыздардан бүкіләлемдік Универсиада ойындарының үш дүркін чемпионы Виктория Зябкина үздік шықты. Екінші орын үндістандық Дути Чандқа бұйырды. Қола жүлде тағы бір қазақстандық Рима Кашафутдинова еншіледі.

Жеңімпаздар рекорд жаңарта алмады. Дегенмен алтын жүлде мен ақшалай сыйлықтан бөлек Ұлттық Олимпиада комитеті дайындаған теледидарға ие болды.

– Қосанов мемориалы биылғы жылы өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ал жеке өзіме келсем, жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Бірақ көрсеткішіме көңілім толмады. Әйтпесе, менің жеке рекордым – 10,26 секунд. Бәлкім, финалдық кезеңде алғашында фальстарт болғандықтан шығар. Сол кезде қарқынымды сәл бәсеңдетіп алдым. Өзім тәжірибелі спортшылар қатарынан емеспін. Фальстарт жүгіруіме қатты әсер етеді. Сондайда қобалжып кетемін. Қосанов мемориалын алғаш рет жеңіп отырмын. Былтыр тіпті, жүлделі орынға да ілікпеген едім. Жыл  сайын тәжірибем артып, шеберлігім шыңдалып келеді. Азия чемпионатында 100 және 200 метрге жүгіремін. Үндістанда финалда жүгіріп, жүлделі орынға ілігу. Сондай-ақ әлем чемпионатының нормативін орындағым келеді,дейді Владислав Григорьев.

Ерлер .100 метрге жүгіру, финал.

1.     Владислав Григорьев (Қазақстан) – 10,46 с

2.     Реза Гасеми (Иран) – 10,58 с

3.     Хадивар Али (Иран) – 10,59 с

Әйелдер. 100 метрге жүгіру, финал.

1.     Виктория Зябкина (Қазақстан) – 11,33с

2.     Дути Чанд (Үндістан) – 11,53 с

3.     Рима Кашафутдинова (Қазақстан) – 11,59 с. 

Тізімге қайта оралу