Қосанов Мемориалы: Григорьев пен Зябкина екінші жыл қатарынан 200 метрде чемпион атанды Фото Константин Князевич

Қосанов Мемориалы: Григорьев пен Зябкина екінші жыл қатарынан 200 метрде чемпион атанды

Алматыда Рим Олимпиадасының күміс жүлдегері Ғұсман Қосановты еске түсіруге арналған дәстүрлі XXVIII Мемориалда 200 метрге жүгіруден ерлер арасында Владислав Григорьев, әйелдер арасында Виктория Зябкина жеңіске жетті.

Былтырда бұл қашықта осы екеуінің бағы жанған. Григорьев кеше 100 метрде фальстарт жасап, өкініштен өзегі өртенген еді. Бүгін 200 метрде барын салды. Финалдық кезеңде аталған қашықтықты 20.94 секундта жүгіріп өтті. Екінші орынға Иран спортшысы Реза Хасейми ие болса, қоланы Сергей Русак еншіледі.

30 маусым, «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы». Алматы. 200 метрге жүгіру.

Ерлер:

1. Владислав Григорьев (Қазақстан) – 20.94 сек

2. Реза Хасейми (Иран) – 21.28

3. Сергей Русак (Қазақстан – 21.49.

Қыздардан Виктория Зябкинаға тең келер ешкім болған жоқ. Айтпақшы, іріктеуде ең үздік нәтижені көптен бері жарыс жолына шықпаған Ольга Сафронова көрсеткен болатын. Финалда 26 жастағы атлет жарыс жолына шықпады.

Зябкина қазір нағыз спорттық бабында екенін байқатты. Кеше 100 метрге жүгіруден өзінің үздік нәтижелерінің бірін тіркеген. Бүгін 200 метрді 22.73 секундта жүгіріп өтті. Былтыр мәреге 23.01 секундта жетіп, чемпион атанған. Енді, міне, 1 жылдың ішінде спортшы 0.28 секундқа нәтижесін жақсартып отыр.

30 маусым, «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы». Алматы. 200 метрге жүгіру.

Әйелдер:

1. Виктория Зябкина (Қазақстан) – 22.73 сек

2. Анна Буланова (Қырғызстан) – 23.59

3. Закия Хасанова (Әзірбайжан) – 23.64.

Тізімге қайта оралу