Қосанов Мемориалы: Иванов пен Муждаридзе жарыс көрігін қыздырды Фото Константин Князевич
91

Қосанов Мемориалы: Иванов пен Муждаридзе жарыс көрігін қыздырды

Бүгін Алматыдағы Орталық стадионда жеңіл атлетикадан халықаралық «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалының» алғашқы жарыс күні аяқталды. Ядро серпуден ерлер арасында Иван Иванов, қыздардан грузиялық Софико Чатиришвили топ жарды.

Соңғы жылдары ядро серпуден жерлесіміз Иван Ивановтың алдын жиі орап жүрген Иран спортшысы Али Самари Алматыға келіпті. Сондықтан негізгі бәсекелестік Иванов пен грузиялық Георгий Муждаридзе арасында өрбіді. Бұл атлет маусым айындағы жарыстардың бірінде ядроны 19.52 метрге серпіген екен. Алайда Алматыда олай көсіле алған жоқ. Муждаридзе жарысты 17.85 метрмен бастап, 19.08 метрмен аяқтады. Сондықтан күміс жүлдені қанағат тұтты.

Ал Иванов бірден 18.68 метрмен бастап, 18.79, 19.21 метрлерге дейін жеткізді. Алтыншы мүмкіндігінде 19.50 метрге серпіген.Бірақ заступ болып, есепке алынған жоқ.

Үшінші орынға өзбекстандық Григория Камули ие болды (17.18 метр).

Қыздардан грузиялық Софико Чатиришвили үздік шықты. Софиконың басқалардан бәсі жоғары екені жарыс барысында байқалып тұрды.Екінші орынды өзбекстандық Светлана Прошкина еншілесе, үштікті жерлесіміз Екатерина Нестерова қорытындылады.

29 маусым, «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы». Алматы. Ядро серпу.

Әйелдер:

1. Софико Чатиришвили (Грузия) – 14.84

2. Светлана Прошкина (Өзбекстан) – 12.59

3.Екатерина Нестерова (Қазақстан) – 12.23

Ерлер:

1. Иван Иванов (Қазақстан) – 19.21

2. Георгий Муждаридзе (Грузия) – 19.08

3. Григория Камули (Өзбекстан) – 17.18.

Тізімге қайта оралу