Қосанов мемориалы: Жаңбырлы тосқауыл

25.06.2017

79
Қосанов мемориалы: Жаңбырлы тосқауыл Қыздар арасында 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру жарысында бахрейндік желаяқ жеңіске жетті

Ғұсман Қосанов атындағы мемориалдың тосқауылдар арқылы 400 метрге жүгіру жарысында ерлерден алғашқы екі орын қазақстандық желаяқтарға бұйырып, қыздар арасындағы бәсекеде бахрейндік Аминат Юсуф озды.

Күні бойы бір булығып, бір ашылып тұрған Алматының аспаны дәл тосқауылдар арқылы жүгіретін сәтте ашуланып сала берді. Алайда, сіркіреп жауған жауын атлеттердің көрсеткішіне еш кесірін тигізе алған жоқ. Қайта кейбір желаяқтар жауыннан қосымша қуат алғандай.

Сонымен, 11 атлет қатысқан ерлер арасындағы жарыста қос қазақстандық Дмитрий Коблов пен Игорь Кондратьев алғашқы екі орынды бөліссе, үшінші орын ирандық Реза Малекпурға бұйырды. Әлем чемпионатының нормативі биыл 49,35 секунд. Сондықтан, жерлестеріміз бұл тапсырманы бір аптадан кейін Үндістанда басталатын Азия чемпионатында орындауға тырысады.

Қыздардан бахрейндік Аминат Юсуф алдына жан салған жоқ. Әлем чемпионатының нормативіне (5.10 сек.) жетеқабыл көрсеткішке қол жеткізген Аминаттың «алған қамалы» – 57.23 секунд. Екінші орын жерлесіміз Мерджана Ишангулиеваға бұйырса, тәжік аруы Кристина Пронженко үздік үштікті қорытындылады.

400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру

Ерлер:

1. Дмитрий Коблов (Қазақстан) – 50.96 сек.

2. Игорь Кондратьев (Қазақстан) – 52.24

3. Реза Малекпур (Иран) – 52.26

Қыздар:

1. Аминат Юсуф (Бахрейн) – 57.23 сек.

2. Мерджана Ишангулиева (Қазақстан) – 58.58

3. Кристина Пронженко (Тәжікстан) – 59.39 

Тізімге қайта оралу