Марафоннан Азия чемпионаты

Есептегіш

8

Күн
Дунгань, Қытай

Қосанов мемориалы: Овчинникова үш қарғып секіруде жеке рекордын үш рет жаңартты

25.06.2017

137
Қосанов мемориалы: Овчинникова үш қарғып секіруде жеке рекордын үш рет жаңартты Мария Овчинникова (фото авторы: Ізтұрған Алдауов)

Алматыда аяқталған жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосанов мемориалында үш қарғып секіру бағдарламасының жеңімпаздары анықталды. Ерлер арасында бас жүлде үндістандық Арпиндер Сингхқа бұйырды. Дегенмен, біз қарағандылық 18 жасар ару Мария Овчинникованың өнеріне риза болып, қол соқтық.

Осыдан он күн бұрын оңтүстік астанамызда өткен ел чемпионатында Мария Овчинникова 13.25 метрге секіріп, Қазақстан чемпионы атанған. Ал ел біріншілігіне Өскеменнің атынан байқаудан тыс қатысқан малайзиялық Киртана Рамасами 13.64 метрді еңсеріп, бас жүлдені жеңіп алған. Алайда, Қосанов мемориалының орны бөлек. Мұнда Овчинникова мен Рамасамиден басқа да мықтылар жетерлік. Үш қарғып секіруден қыздар арасында барлығы 10 атлет сынға түскен болса, солардың ішінде Ирина Эктованың шоқтығы биік еді. Тәжірибелісі де сол. Биыл 30 жасқа толды. Жарақатына байланысты қыстан бері жарыс жолына шықпаған Эктова осы турнирде жеңімпаз атануды көздеді. Дегенмен, өзінің әлдеқайда жас әріптесі Мария Овчинниковадан мұндай қарқынды күтпеген шығар.

Марияның бұған дейінгі жеке рекорды – 13.67 метр. Осы жолы қарағандылық бойжеткен алғашқы екі мүмкіндігінде фальстарт жасап, жанкүйерлерін біраз тыпыршытты. Бірақ, одан кейін түлеп сала берді. Үшінші мүмкіндігінде 13.80 сантиметрге секіріп, жеке рекордынан 13 сантиметрге асып түсті. Одан кейінгі екі мүмкіндігінде тағы үш сантиметрден қосты. Ал соңғы мүмкіндігінде 13.94 метрге бір-ақ қарғып, турнирді әдемі аяқтады. Рас, әлем чемпионатының нормативін орындай алған жоқ. Әйтсе де, жеке рекордынан 27 сантиметрге асып түсуінің өзі үлкен жетістік. «Енді жарты метр қоссаң, Рыпаковамен бәсекеге түседі екенсің ғой», - деп әзілдестік Марияның өзімен.

– Жоқ, маған Рыпаковаға жету үшін әлі ерте. Тынбай еңбектенуім керек. Дегенмен, Ольгадан үлкен өнеге аламын. Ол менің әрдайым кумирім болып қала бермек. Азия чемпионатында көрсеткішімді бұдан да асыруға тырысамын, - деді Овчинникова.

Үш қарғып секіру (қыздар):

1. Мария Овчинникова (Қазақстан) – 13.94 метр

2. Ирина Эктова (Қазақстан) – 13.77

3. Киртана Рамасами (Малайзия) – 13.48

Ерлер арасындағы бәсекеде басты тартыс жерлесіміз Роман Валиев пен үндістандық Арпиндер Сингхтың арасында өрбіді. Алғашқы екі мүмкіндігі сәтсіз шыққанымен Валиев үшіншісінде 16.04 метрге қарғып, бәсекелестерінен алға шыққан. Бұл кезде үнді жігітінің көрсеткіші 15.92 метр болатын. Соңғы мүмкіндікте Роман 16.09 метрге секіріп, бас жүлдеге тағы бір қадам жақындаған еді. Алайда бар күшін салған Сингх 16.32 метрге бір-ақ қарғып, Қосанов мемориалының бас жүлдесін жұлып алды. Дегенмен, әлем чемпионатының нормативін ешкім де орындай алған жоқ.

Үш қарғып секіру (ерлер):

1. Арпиндер Сингх (Үндістан) – 16.32 метр

2. Роман Валиев (Қазақстан) – 16.09

3. Вахид Садих (Иран) – 15.93

Тізімге қайта оралу