Қосанов мемориалы: Ұзындыққа секіруден Үндістан атлеттері озды

26.06.2017

72
Қосанов мемориалы: Ұзындыққа секіруден Үндістан атлеттері озды Үнді жігіті Анкит Шармағі сегіз метрге жетуге 4-ақ сантиметр жетпеді

Алматыда бүгін ғана аяқталған жеңіл атлетикадан Ғұсман Қосанов мемориалының ұзындыққа секіру бағдарламасында Үндістан атлеттерінің шеберліктеріне тәнті болдық.

Қыздар арасындағы бәсекеде де бас жүлдені Үндістан спортшысы еншіледі. Бірде бір мүмкіндігін мүлт жібермеген Нина Варакильдің чемпиондық талпынысы 6.38 метр болды. Айтпақшы, Варакиль өткен жылдың қорытындысы бойынша, 6.66 метрмен Азияның үздік атлеттерінің үштігіне енген. Ал Қазақстан атынан бұл бағдарламада бес аруымыз бақ сынағанымен үміт артарымыз Ирина Эктова болған. Онда да бұл Эктованың негізгі бағдарламасы емес. Иринаның үш қарғып секіруге машықтанатынын жақсы білеміз. Сондықтан, 6.01 метрдің өзі ол үшін жаман емес. Үздік үштікте Өзбекстаннан келген ару Виктория Дырдина.   

25 маусым. Ұзындыққа секіру (қыздар):

1. Нина Варакиль (Үндістан) – 6,38 м

2. Ирина Эктова (Қазақстан) – 6,01 м

3. Виктория Дырдина (Өзбекстан) – 5,84 м

Ерлер арасындағы бәсекеде алматылық атлет Ринат Қайсаров пен қарағандылық 21 жасар Александр Киселевке үміт артқанбыз. Дегенмен, бас жүлдені жеңіп алатындықтарына сенім, шыны керек, аз болды. Қанша дегенмен, бәсекелестерінің шеберліктері жоғары еді. Расымен де, алғашқы екі орынды үнді жігіті Анкит Шарма мен парсы баласы Тахерхани Собхан сарапқа салды. Әсіресе Үндістаннан келген атлеттің жүгіріп келіп, серпілгені көз сүйсінтті. Әр мүмкіндігінен кейін паңдана басып, көрермендерге иіле алғыс білдіруі де өзіне жарасып тұр. Сегіз метрден асырып, әлем чемпионатының нормативін орындауға тырысты-ақ. Алайда, сегіз метрді бағындыра алмай-ақ қойды. Соңғы мүмкіндігінде 7.96 метрге секіріп, бас жүлдені жеңіп алды.

25. маусым. Ұзындыққа секіру (ерлер):

1.     Анкит Шарма (Үндістан) – 7,96 м

2.     Тахерхани Собхан (Иран) – 7,76 м

3.     Ринат Қайсаров (Қазақстан) – 7,40 м

Тізімге қайта оралу