Қосанов Мемориалы: Секіру сайысының үздіктері анықталды Фото Константин Князевич

Қосанов Мемориалы: Секіру сайысының үздіктері анықталды

Алдымен, биіктікке секірушілердің бәсекесі жайлы айтсақ. Негізгі тартыс қазақстандық Надежда Дубовицкая мен 17 жастағы өзбекстандық Алина Яблокова арасында өрбіді. Екі спортшыға 1.80 метрді бағындыру аса қиындық тудырған жоқ. Ал кейіннен 1.85 метрге ұмтылғанда Алина да, Надежда да әзірге дайын емес екенін байқатты. Сосын екеуі бірдей түскен соң, қайтадан секіртіп көрді. Бұл тұста отандасымыз 1.83 метрге секіріп, чемпион атанды. Яблокова сол 1.80 метрмен екінші орынды қанағат тұтты.

– Былтырғы жылы күміс медаль болған. Биыл чемпион атанып отырмын. Ол кезде өзбек қызына есе жібергенмін. Үнемі жоғары нәтижеге талпынамын. Дегенмен бұл жолы жарысты 1.83 метрмен аяқтадым. Өзбек қызымен бәсекелестік соңына дейін жалғасты, – дейді жарыстан кейін Надежда Дубовицкая.

29 маусым, «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы». Алматы. Биіктікке секіру.

Әйелдер:

1.Надежда Дубовицкая (Қазақстан) – 1.83 м

2.Алина Яблокова (Өзбекстан) – 1.80 м

3.Сафина Садуллаева (Өзбекстан) – 1.75 м

Сырықпен секіруде де дәл осы жағдай қайталанды. Анастасия Ермакова мен Польна Иванова 3.70 метрмен екінші мүмкіндіктерінде бағындырған. Одан кейін аталған спортшылардың 3.80 метрге талпыныстары өз нәтижесін берген жоқ. Төреші екеуін қайта жарыстырып көрген. Жоспар бойынша 3.60 метрге қайсысы секірсе сол жеңіске жетуі тиіс болды. Бұл тұста Ермакованың бағы жанды.

29 маусым, «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы». Алматы. Сырықпен секіру.

Әйелдер:

1.Анастасия Ермакова (Қазақстан) – 3.70 м

2.Полина Иванова (Қырғызстан) – 3.70 м

3.Ярослава Вислобокова (Қазақстан) – 3.70 м

Ал ұзындыққа секіруден бір жылдан астам жарыс жолына шықпаған Екатерина Эктова жеңіске жетті. Ол алғашқы мүмкіндігінде-ақ 6.15 метр бағындырып, бірден тізгінді өз қолына алды. Одан кейін Эктоваға ешқайсысы жете алған жоқ. Нәтижесінде 26 жастағы Солтүстік Қазақстан облысының тумасы жеңіске жетті.

– Ұзақ уақыт үзілістен кейін осындай сенімді түрде жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Эмоциямды айтып жеткізе алмаймын. Соңғы рет 2017 жылы 14 мамырда Қазақстан кубогына қатысқанмын. Жарақатыма байланысты 1 жылдан астам жарыс жолына шыққан жоқпын. Бүгінгі жеңіс сүйікті спортыммен әріқарай айналысуыма деген сенімді ұялатты, – дейді Е. Эктова.

29 маусым, «XXVIII Ғұсман Қосанов Мемориалы». Ұзындыққа секіру.

Әйелдер:

1. Екатерина Эктова (Қазақстан) – 6.15 м

2. Анна Буланова (Кыргызстан) – 5.97 м

3. Любовь Лебедева (Қазақстан) – 5.93 м

Тізімге қайта оралу