Қосанов мемориалы: Сырықпен секірудің жүлделері өзімізде қалды

26.06.2017

112
Қосанов мемориалы: Сырықпен секірудің жүлделері өзімізде қалды Қосанов мемориалы: Сырықпен секірудің жүлделері өзімізде қалды

25 маусым күні Ғұсман Қосанов мемориалының екінші күнінде жеңіл атлетиканың сырықпен секіру бағдарламасының жеңімпаздары анықталды.

Осыдан он күн бұрын оңтүстік астанамызда өткен ел чемпионатында сырықпен секіру бағдарламасы бойынша ерлердег 10 атлет жиналған болатын. Қосанов мемориалында небәрі 4-ақ спортшының өнерлерін тамашаладық. Өнерлерін тамашаладық дейміз-ау, шынтуайтына келгенде жеңіс тұғырына бір-ақ атлет көтерілді. Қалған үшеуі өз мүмкіндіктерін кәдеге жарата алмай, пұшайман болды. Мәселен, ирандық Мохаммед Банжадам 4.60 метрге тапсырыс беріп, секіре алмай әлек болса, жерлесіміз Силанти Гилев 4.80 метрге шамасы жетпеді. Ал 5 метрден бастауды жөн көрген тағы бір отандасымыз Данил Полянский әдетте оп-оңай секіріп жүретін биіктігін бағындыра алмады. Сондықтан, жеңіс еш қиындықсыз Қазақстанның үшінші атлеті Никита Филипповке бұйырды. Ол алдымен бес метрді, одан кейін 5.20 метрді бірінші мүмкіндігінде-ақ секірген. Бірақ, жалғыз өзің жарыса берген де қиын ғой. 5.40 метрге секіре алған жоқ. Естеріңізге сала кетейік, ел чемпионатында Филиппов 5.40 метрге, ал Полянский 5.20 метрге секірген болатын.

Сырықпен секіру (ерлер):

1. Никита Филиппов (Қазақстан) – 5.20 метр.

Қыздардан жарыс жолына тек екі-ақ ару шықты. Екеуі де қазақстандықтар. Алматылық 17 жасар ару Анастасия Ермакова 3.70 метрмен шектеліп, ел чемпионатындағы нәтижесін қайталаса, 15 жастағы бойжеткеніміз Полина Иванова 3.50 метрге секіріп, күміспен күптелді.

Сырықпен секіру (қыздар):

1. Анастасия Ермакова (Қазақстан) – 3.70 метр

2. Полина Иванова (Қазақстан) – 3.50 метр.

Тізімге қайта оралу