1-ші деңгейлі TOECS курсы

Есептегіш

9

Күн
Алматы, Қазақстан

Қосанов мемориалына қатысатын елдердің саны 12-ге дейін көбейді

22.06.2017

Бек Төлеуов  
172
Қосанов мемориалына қатысатын елдердің саны 12-ге дейін көбейді Қосанов мемориалына қатысатын елдердің саны 12-ге дейін көбейді

Жеңіл атлетикадан дәстүрлі халықаралық Ғұсман Қосанов мемориалы биыл 24-25 маусым күні Алматыда өтеді. Мәртебелі жарыс осымен 27-ші рет ұйымдастырғалы отыр.

Ғұсман Қосанов мемориалына бұған дейін Үндістан, Иран, Бахрейн, Сирия, Малайзия, Ауғанстан, Түркіменстан, Өзбекстан, Тәжікстан және өзіміздің Қазақстанның атлеттері қатысатыны белгілі болған еді. Жақында тағы бір ел қосылды. Алматыда Кения спортшылары да бақ сынайды. Жалпы, 200-ден астам спортшы сайысқа деп күтілуде. Қазақстан құрамасы сапынан нақты кімдердің өнер көрсетіні жарыстың басталуына бір күн қалғанда анықталады.

Өкінішке қарай, алыс елдерден келетін спортшылардың құрамы әзірге толық анықталған жоқ. Жақында  былтырғы жылы биіктікке секіру бойынша Азиядағы үздік нәтижелердің бірін көрсеткен сириялық Маджед Газаль (2,36 м) Қосанов мемориалына қатысудан бас тартты. Дегенмен одан басқа да танымал атлеттердің біразы бар. Алыс орналасқан мемлекеттерден ең көп спортшыны Үндістан мен Иран әкеледі. Әрқайсысынан 20-дан астам спортшы өнер көрсетеді деп күтілуде.

Орталық Азияда орналасқан көрші елдерден ең көп делегатты  Өзбекстан құрамасы жібереді. Ала тақиялы ағайындарымыз 39 атлет, 6 жатықтырушының тізімін ұсынды. Сондай-ақ Қырғызстаннан 30 спортшы, 5 жаттықтырушы, Түркіменстаннан 12 спортшы, 4 жаттықтырушы, Тәжікстаннан 10 спортшы, 3 жаттықтырушы келеді.

Жалпы, мемориалда қатысушылар 30 жекелеген сайыс бойынша сынға түседі (15-і ерлер, 15-і әйелдер арасында). Сонымен қатар ерлер және әйелдер арасындағы 4х100, 4х400 метрге жүгіру бойынша командалық эстафета бағдарламасы қосылған. 24 маусым күні сағат 10:00-де іріктеу бәсекелері басталады. Салтанатты ашылу рәсімі 17:00-ге жоспарланған. 

Ғұсман Сыйтықұлы Қосанов 1935 жылы 25 мамырда Шығыс Қазақстан облысы, Бесқарағай ауданы, Изатулла ауылында дүниеге келген. Олимпиада ойындарына тұңғыш қатысқан және Олимпиада жүлдесiн тұңғыш жеңiп алған қазақ атлеті. 1960 жылы Рим олимпиадасында күміс медальға болды. Италия астанасында 4х100 эстафеталық жарыста КСРО құрама командасы сапында Л. Бартенев, Ю. Коновалов, Э. Озолиндермен бірге мәреге екінші келді. Қосанов сондай-ақ 1960 жылғы Олимпиада ойындарында 100 метрлік қашықтықта да жарыс алаңына шыққан болатын. Ол бұл сында 10,7 секунд нәтижесімен жалпы есепте 6-орынға табан тіреді.

Ғұсман Қосановтың басқа да атақтары жетерлік. Еуропа чемпионы, КСРО чемпионатының күмiс жүлдегерi, Қазақстанның бiрнеше дүркiн чемпионы, КСРО халықтары спартакиадасының жеңiмпазы. Тіпті, жеңiл атлетикадан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш спорт шебері.

1990 жылы 13 маусымда дүниеден өтті. Ал 1991 жылдан бастап атақты спортшы құрметіне «Қосанов мемориалы» атты халықаралық жарыс өтіп келеді.

Тізімге қайта оралу