Астанада Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды (ФОТО)
Бек Төлеуов  
277

Астанада Азия чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды (ФОТО)

Бүгін Астанадағы «Rixos» қонақ үйінде ҚР жеңіл атлетика федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков пен ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жеңіл атлетикадан 2017 жылғы Азия чемпионатында жеңіске жеткен және жүлдегер атанған спортшыларды марапаттады. 

Биылғы Азия чемпионатын 6-9 шілде аралығында Үндістанның Бхубанешвар қаласы қабылдады. Оған 43 елден 800-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте Үндістан мен Қытайдан кейінгі үшінші орынға ие болды. Жерлестеріміз  4 алтын, 2 күміс, 2 қола жеңіп алды.

Екі алтынға әйелдер арасында 100 және 200 метрге жүгіруден Виктория Зябкина қол жеткізді. Тағы бір алтынды үш қарғып секіру сайысынан Мария Овчинникова сыйлады. Одан бөлек құрамында Светлана Голендова, Рима Кашафутдинова, Виктория Зябкина және Ольга Сафронова бар 4х100 метрге эстафеталық жүгіруден әйелдер құрамасы топ жарды. Сафронова сонымен қатар 100 метрде күміс, 200 метрде қола медальға ие болды. Ирина Эктова үш қарғып секіруден күміс жүлдені, ерлер арасынан жалғыз қола медальді ядро серпуші Иван Иванов еншіледі. 

Тізімге қайта оралу